Хабар телеарнасы

Әлем жаңартылған энергияға үміт артып отыр – ғалымдар

Атом энергиясы институты мамандарының сөзін энергетиктер де қолдайды. Қазақстандық электр энергетикасы қауымдастығы төрағасының орынбасары Әлішер Құрбанәлиевтің айтуынша, «қазіргі атом-электр стансаларында қолданылатын технологиялар қауіпті 100%-ке дейін азайтуға мүмкіндік береді. Тек құрылыс пен қолданыс барысында қателікке жол берілмесе болды. Ал мұндай станса – электр қуатының сарқылмас көзі. Мәселен, қазір Франция электр қуатының 80%-ін АЭС-тен алып отыр», - дейді маман.

Әлішер Құрбанәлиев, Қазақстандық электр энергетикасы қауымдастығы төрағасының орынбасары:

- Бізде көмір стансаларын салатын мүмкіндік бар. Бірақ ол экологиялық жағынан қауіпсіз емес. Ал газ генерацияларына келсек, бізде қазірдің өзінде көгілдір отын тапшылығы бар. Баламалы қуат көздері де тұрақты емес. Жел және күн стансаларының үздіксіз жұмыс істей алмайтынын кез келген адам біледі. Сондықтан Қазақстанға АЭС салудан басқа амал жоқ.

Қазір әлем қоршаған ортаға бөлінетін парниктік газдың мөлшерін азайтуға күш салып жатыр. Одан құтылудың бірден-бір жолы – жаңартылған энергия көздерін пайдалану. «Жел мен күн таза жасыл энергия болғанымен, олар атом энергиясына қарағанда тұрақсыз»,- дейді Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықарлық қазақ-түрік университетінің доценті Шерзод Құрбанбеков.

Америкадағы ұлттық ядро орталығында тәжірибе жинап келген жас ғалымның айтуынша, әлем. бойынша 32 мемлекетте 440-тан астам реактор жұмыс істейді. Олар қуат көзін осы атом электр станциясынан алады.

Шерзод Құрбанбеков, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің доценті:

- Ал біз егер «жоқ, бізде көмір жетеді, мұнай жетеді» дейтін болсақ, оның барлығы таусылатын дүние. Реактор 60-тан 100 жылға дейін үздіксіз жұмыс істейді. Оның сондай ерекшелігі бар. Біз оны құратын болсақ, 100 жылға дейін ешкімге тәуелді болмаймыз. Иә, ол жерде «қалдық» деп айтып жатыр. Қазір қалдықты да қайта өңдейтін технологиялар бар. Біз бұған оң көзбен қарауымыз керек деп ойлаймын.