Хабар телеарнасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдармен кездесті

Мемлекет басшысының Алматыдағы жұмыс сапары Ғылым ордасында жалғасты. Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдармен кездесті. Қазақ ғылымының қара шаңырағында болған басқосуда Президент біраз жылдардан бері жөндеу көрмеген ғимараттың жөнделіп қайта түлегеніне қуанышын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Өздеріңізге мәлім, ғылымға бөлінетін қаржы ұдайы артып келеді. Білікті кадрлар әзірлеуге арналған грант саны соңғы жылдары 1,5 есе көбейді. Қазақстанда әлемнің беделді 12 жоғары оқу орнының филиалы жұмыс істеп тұр. Көп ұзамай тағы бірнешеуі ашылады. Зерттеу жұмыстарымен айналысатын университеттер көбеюде. Технология парктері және инжиниринг орталықтары ашылып жатыр. Жыл сайын 500 ғалым шетелде тағылымдамадан өтеді. Министрлік жас ғалымдарға мыңдаған грант бөліп жатыр. Мұның бәрі ғылымды дамытуға оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын.

Айрат Базенов, Әлихан Бөкейхан университетінің проректоры: 
-Бүгінгі жиындағы түпкі айтылған негізгі сөз әрбір университет өз өңірінің даму бағытын анықтайтын, ал біздің ұлттық университеттеріміз бен ғылыми-зерттеу орталықтарымыз мемлекетіміздің даму бағыттарын анықтайтын орталыққа айналуы керек.

Даму бағыттарына экономикадан бастап заманауи сын қатерлерге төл күшпен төтеп беру де кіреді. Осы ретте отандық ғылым табиғи және техногендік, сейсмикалық, биологиялық қатерлерге қорған болуы тиіс. Бұл күні кеше 5 құрлықтың басына бұлт боп төнген коронавирус індеті, бұл оқтын-оқтын елдің зәресін алып отыратын зілзала немесе кешегі алапат су тасқыны. Бұл жүктеліп отырған маңызды міндет. Ғалымдарға жағдай жасалуы тиіс. Былтыр 284 жас ғалым баспана алса, биыл тағы 200-і қоныс тойын тойлайды. Мемлекет басшысы ғалымдар мен ғылымды қолдау нақты шаралар арқылы жалғаса беретінін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Біз ғалымдарға жағдай жасау керек деп жиі айтамыз. Бұл құр сөз емес. Мемлекет тарапынан нақты жұмыс жасалып жатыр. Алдағы екі жылда жас ғалымдардың зерттеуіне бөлінетін грант саны тағы да көбейеді. Бюджеттен 18 миллиард теңге бөлінеді. Былтыр 284 жас ғалым баспана алды. Биыл менің тапсырмаммен оларға тағы 200 пәтер берілетін болды. Осындай нақты шаралар арқылы еліміздегі ғылымды және жалпы ғалымдар қауымын қолдау жұмысы алдағы уақытта да жалғасын табады.

Ерғали Құрманов, астрофизик ғалым:
-Жас ғалым деген программа бар. Онда жаңағы жалақысы, стипендиясы десек болады 500 мың тг әрбір ғалымға берілетіні.  Қазіргі жағдайда өте жақсы көңіл бөлінуде. Мемлекет тарапынан. Өздеріңіз көріп отырсыздар. Бүгін міне екі бөлмелі пәтердің кілтін алып отырмын.