Хабар телеарнасы

Атырауда қоғамдық көліктер жетіспейді

Оған қоса автобус жүргізушілері де тапшы. «Оқу жылы басталғалы қоғамдық көліктердің аздығы анық байқалып жатыр»,— дейді тұрғындар.

Такси бағасы қымбаттаған уақытта қоғамдық көлікпен жүру қолайлы. Қалтаңызды қақпайды әрі әлдеқайда қауіпсіз. Бірақ таңмен таласып жұмысқа асыққан қала тұрғындары автобустардың жетіспеуінен діттеген жеріне уақытында жете алмайды. «Кей кезде сыймай қалады. Ондайда келесі автобусты күтуге тура келеді»,— дейді тұрғындар.

Өткен айда қала тұрғындарының игілігіне 20 автобус сатып алынып, желіге қосылды. Қазір барлығы 230 қоғамдық көлік облыс орталығында тұрғындарды тасымалдайды. Дегенмен бұл да аз. Жауаптылар бұған қоса жүргізушілердің жетпейтінін айтады.

Арслан Аронов, коммуналдық мекеме басшысы:
-Жүргізуші жетпейді. Категория Д-мен шөпірлер жоқ. Соның кесірінен 2-3 автопаркте автобустар тұр. Жүретін автобустар, бірақ линияға шығара алмайды. Екіншіден, қосымша тағы да инвесторлар керек. Тағы да тасымалдаушы керек. Қазір бір инвестор таптық. Бұйырса алдымыздағы 2-3 айда қосылса, тағы қосымша маршруттар шығарамыз.

Қазір қаладағы бірнеше автопаркте 500-ге тарта жүргізуші жұмыс істейді. «Әлі де 100-ден автобус жүргізуші керек»,— дейді жауапты мекеме өкілі. Қоғамдық көлік саны көбейсе, жүргізушілерге де сұраныстың артатыны белгілі.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин