Хабар телеарнасы

«Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС директоры қамауға алынды. Өңір жаңалықтары

«Қазақ газ өңдеу зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің директоры қамауға алынды. Ол аукцион өткізбестен заңсыз сатып алу арқылы аса ірі мөлшерде кәсіпорынның мүлкін жымқырды деген күдікке ілінді. Залал сомасы 65 млн теңгеден асады. Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет зауыт директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. 

Алматыда қараша айында хостелде болған өртке қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды. Енді сотқа жолданады. Еске салсақ, апат кезінде 13 адам мерт болып, 3 адам ауруханаға түскен болатын. Қала әкімінің жергілікті халықпен кездесуінде тұрғындар өрт шыққан нысанды жалға берушінің жауапқа тартылмағанын айтты. Шаһар басшысы хостелді ашқан адам өзі жауапты деген пікір білдірді. Ал биыл студенттерді хостелдерге жайғастыру жағы қатаң бақылауда болмақ.

1 млрд теңгеге жуық дизель отынын ұрлағандарға сот шешімі шықты. Хостелдегі жағдай тергеліп жатқанда, ауа райын сылтауратып, құны бір миллиард теңгеге жуықтайтын дизель отынын ұрлағандарға қатысты сот шешімі шықты. Абай облысында екі теміржолшы 2022 жылдың қаңтарынан сәуіріне дейін артық шығын дауыл мен желдің кесірінен болды деп, 3 мың тоннадан астам дизель отынын жоқ қылған. Мұны жергілікті қаржы мониторингі бөлімі анықтады. Сот депо бастығын 8 жылға, машинисі 7 жылға соттады. Екеуі де материалдық жауапты қызмет атқару құқығынан айырылып, келтірілген шығынды өтеуге міндеттелді. 

Биыл елде көмір тапшылығы болуы мүмкін. 7 айда 58 миллион тоннадан астам көмір өндірілгенімен, былтырмен салыстырғанда көрсеткіш 7,5% төмен. Бұл туралы бүгін Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов айтты. Энергетикаға 32 миллион, ал коммуналдық-тұрмыстық секторға 2,5 миллион тонна көмір жеткізілген. Тек 15,8 миллион тонна көмір экспортқа жөнелтіледі.