Хабар телеарнасы

Алматыда жолайрық құрылысы қашан бітеді?

Қаланың негізгі күретамыры саналатын Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысындағы нысан бітер емес. Үш жыл бұрын басталған жұмыс межелі мерзім бойынша биыл аяқталу тиісті. Алайда қазіргі кезде жолайрықтың 80%-і ғана аяқталған. Жауапты мамандар болса: «Жер телімдерін сатып алуда қиындық туды, сол себепті жұмыс шегерліді», - дейді.

Сейфуллин даңғылының бойында жолайрық салу жобасы 2017 жылы қолға алынды. Әуелі жер телімдері сатып алынды. Ал құрылыс 2021 жылы басталды. Содан бері бұл маңдағы көлік кептелісі жүргізушілердің жүйкесін жұқартып келеді.

Блиц-сауалнама:

- Кептеліс болып жатыр. Негізі тездеткені дұрыс болар еді. Жол жабық тұрғанына 2-3 жыл болып қалды.

-Тезірек бітуі керек қой. Халыққа жағдай жасау керек. Тез біткенін бәріміз қалаймыз ғой.

Қала әкімдігі құрылысқа қажетті 259 жер телімін сатып алды. Үйлер сүрілді. Бірақ бұл процесс ұзаққа созылды. Соңғы үй биыл маусым айында ғана алынып, жер тегістелді. «Бұл да құрылысқа кедергі келтірді», - дейді мердігер мекеменің өкілдері. Қос көше қиылысқан тұста туннельді көпір салынып жатыр. Монолитті бетон құйылған. Ескеретін тағы бір жайт бар.     

Алмас Садуақас, тілші:

- Құрылыс алаңындағы жұмыстың қарқынды жүруіне жерасты сулары бөгет. «Сондықтан қосымша су сорғы құрылғылары орнатылады», - дейді мердігер. Ал нысан тапсырылғанда тәулігіне жүз мың автокөлік өтеді деп жоспарланып отыр.

Қазір мұнда екі ауысымда 100 адам жұмыс істеп жүр. 20 техника жұмылдырылған. Жолайрық астымен кәріз жүйесі өтеді. Оны қайта жөндеп, дұрыстап төсеу керек. Сонымен бірге жаяу жүргіншілерге арналған 3 көпір әлі салынбады. «Ал қалалық әкімдіктегі жауаптылар жолайрық биыл ел игілігіне тапсырылады», - дейді.

Айдос Берікұлы, қалалық мобильділік басқармасының бөлім басшысы:

- Жыл соңына дейін жолайрықтың құрылысы толық аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Одан кейін абаттандыру басталады. Ол келесі жылдың мамыр айына дейін жалғасады.

Алып мегаполиске күн сайын 200 мыңнан астам автокөлік кіріп-шығады. Жолайрық салынып жатқан бағыт қаланы Қонаев, Талдықорған шахарларымен байланыстырады. Құрылысы жоспарлы уақытта аяқталса, кептеліс сейілер еді. Бұл қаланың экономикасы мен экологиясына да оң әсерін тигізері сөзсіз.

А. Садуақас. К. Амраев