Хабар телеарнасы

Елімізде сот ісін жүргізу барысында роботтар пайдаланыла бастады

Пилоттық жоба ретінде әкімшілік істерді іріктеу мен соттарға жолдау жұмысын жасанды интеллект атқарып жатыр. Аталған жобаның қолға алынғанына 1 айдан асты.

Роботтандырылған жүйенің алғашқы болып сұрыптаған істерінің бірі – елордалық Жеңісбай Мақсұтов тап болған жол көлік оқиғасы. Полиция қызметкерлерінің істі жедел қарау және қысқартылған хаттама алу туралы ұсынысына тараптардың барлығы келіскен.

Жеңісбай Мақсұтов, Астана қаласының тұрғыны:

- Біз 6 көлік болғанбыз, жетінші көлік кінәлі деп танылып, сол жерден сотқа қатыспай-ақ қаулыны тезірек алу туралы өтініш жаздық. Сол бойынша 29 шілде сот өтті, сол күні қаулыны қолға алдық.

Істің айналасы 1 күннің ішінде қаралуына дәл сол роботтардың көмегі тиіп отыр. Осыған дейін сот кеңсесіндегі мамандардың сағаттап қарайтын құжаттарын арнайы роботтандырылған жүйе санаулы минутта толтырып, судьяларға жолдайды.

Ұлдана Сүлейменова, Астана қаласы әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

- Ұйғарым да қазіргі уақытта автоматтандырылған. Робот шығарады. Ол ұйғарымға істің қарау күні мен уақыты судьямен толтырылады. Қалғанын робот жасайды. Ары қарай судья тараптардың құжатын барлығын тексереді де, робот тексергеннен кейін, қандай айыппұл тағайындалғанын жазып, өзінің қолын қояды.

Жоғарғы сот өкілдерінің пікірінше қазір роботтандырылған жүйе арқылы жол қозғалысы ережелерін бұзуға қатысты әкімшілік істер қаралып жатыр. Нәтижесінде 1 істі қарауға бұрынғыдай 3 күн емес, бар болғаны 10 минут уақыт жұмсалуда.

Нұржан Молдақов, ҚР Жоғарғы Соты Цифрландыру бөлімінің басшысы:

- Бұл роботизация адамдардың қатысуын мүлдем жоққа шығарады. Канцеляриядағы адамдардың 1 сағаттық жұмысын робот арқылы 1 минутта жасауға болады.