Хабар телеарнасы

Бектенов: Азаматтардың табысын арттыру – Үкіметтің басты мақсаты

Үкімет көктемгі дала жұмыстары мен күзгі жиын-терінге 1 трлн теңге бөлуді жоспарлап отыр. Ал ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаларды жеңілдікпен несиелеу үшін қаржы көлемі 800 млрд теңгеге жеткізіледі.

Премьер-министр Олжас Бектенов барлық министр және әкімдермен онлайн жиын өткізіп, Президенттің Жолдауда жүктеген міндеттерін қалай іске асырамыз? - деп бас қатырды. 

Үкімет басшысы: «Жолдауды іске асыру ең алдымен бюджет қаржысын үнемдеуден басталады», - дейді. Себебі сан саладағы мыңдаған жобаның жүзеге асуы үшін әлбетте, қыруар қаражат қажет. Ал ол қандай жобалар?

Үкімет басшысының 5 бірдей орынбасары өздеріне тиесілі бағыттар бойынша кезектесіп, есеп берді. Президент жүктеген міндеттерді былай орындауға болады, - деп алдымен Роман Скляр сөз алды.

Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

- Өнеркәсіптік қаңқаны қалыптастыру үшін металлургия, мұнай өңдеу және мұнай-газ химиясы, машина жасау, химия салаларынан 17 серпінді жобаның тізбесі әзірленді. Әрбір жоба бойынша егжей-тегжейлі жоспар әзірленді.

Ал Нұрлан Байбазаровтың сөзінше, жаңа Бюджет кодексінің жобасы жыл соңына дейін әзірленеді. Онда ел қазынасын барынша үнемдеу тетіктері қарастырылмақ. Үкімет бизнесті қолдау барысында кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін ескереді. Ал оларға түрлі жеңілдік беретін мемлекеттік бағдарламалар бір сайтқа шоғырландырылмақ. Жалған есеп беріп, сол үшін Үкіметтен субсидияға алуға енді жол берілмейді. Ондайлар кеше Президент айтқан 2 млн бас ірі қарамен шектелмейді екен.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Қосымша 2,5 млн тонна дәнді дақылдарды, 2 млн тоннаға дейін картопты және 300 мың тоннадан астам пиязды есептен шығару жоспарлануда. Қосып жазуларды болдырмау үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін есепке алу мен қадағалаудың, сондай-ақ субсидиялар берудің ақпараттық жүйелері жетілдіріледі.

Серік Жұманғариннің мәліметінше, 2022-2023 жылдары пайдаланылмай жатқан 10 млн гектар мемлекетке қайтарылған. Биыл тағы 2 млн гектар алқап жауапсыз шаруалардан алынады. Ал әлеуметтік салаға жауапты Тамара Дүйсенова елімізде келесі жылы медициналық қызмет көрсетудің ұлттық бірыңғай платформасы пайда болатынын айтады. Бастысы – осы айтылғанның барлығы сапалы орындалуы тиіс.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Жолдау бізге таяу мерзімге арналған мақсат, міндеттермен қатар нысалы көрсеткіштері мен индикаторлары белгіленген нақты іс-қимыл алгоритмін белгілеп берді. Әрбір тармақтың орындалуы қатаң бақылауда болады. Азаматтардың табыс деңгейін арттыру – Үкімет жұмысының өзгермейтін басты мақсаты.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Жолдауда жүктелген міндеттердің орындалуын халық сезінуі тиіс. Себебі Үкіметтің негізгі міндеті қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру. Осы тұста айта кету керек, Үкімет инфляцияны соңғы бір жылдың ішінде 2,5 есе төмендеттік деп отыр. Ал Қазақстанның халықаралық резервтері қазір 100 млрд доллардан асқан.

Дамир Берікұлы, Аян Сәрсенбаев