Елімізде тұтынушылар құқығын қорғайтын уәкіл тағайындалады
Мәжілісте тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң жобасы мақұлданды. Себебі 4 жыл бойы бұл заңда түзетулер болмаған.
Жаңа өзгерістерге сәйкес кері қайтаруға жатпайтын тауарлар қатарынан медициналық бұйымдар, ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары алынып тасталды. Тіпті, авиабилеттерді төмен бағада сатып алушыға, оның құны 100% кері қайтарылады. Енді тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмен институты енгізіледі. Олар сатып алушыға заңды кеңес беріп, құқығын қорғауға, сотқа талап қоюға құқылы. Бұл өзгерістер қаржылық қызметтерден басқа барлық салаларда қолданылады. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді. Айтуынша, сотқа дейінгі кезеңде тұтынушының бұзылған құқықтары қалпына келтірілмесе, сот айыппұлды кәсіпкерке жүктейді.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Бұл құқықтық құрал кәсіпкерлерді тұтынушылармен азаматтық дауды сотқа дейін шешуге ынталандыруға бағытталған. Шет елдердің осындай тәжірибесі сотқа өтініштердің айтарлықтай төмендеуіне әкелген. Онлайн сауда бойынша да тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту бойынша түзетулер ұсынылады.
Демалыстан оралған Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев Арқалықтағы әуежай жұмысын қалпына келтіру үшін бөлінген 9,5 млн теңгенің дұрыс игерілмей отырғанын айтты. Бұл қаржы 8 ай бұрын жергілікті бюджеттен бөлінген. Дегенмен уәде етілген ұшу-қону жолағы, жермен жүру жолы, перрон мен аэровокзалға жөндеу жұмыстары жүргізілмеген екен.
Ал депутаттың айтуынша, Арқалыққа жақсы әуежай ауадай қажет.
Берік Бейсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Әуежай төңірегінде қандай да бір тексеру жұмыстары мен іс-шаралар жасалып жатқанын көрмедік. Су тасқыны кезінде Арқалықтан науқас адамды облыс орталығына жеткізбекші болған санитарлық авиация ұшағының апаттық жағдайда еріген қар суына қонып авиациялық оқиға орын алған. Бұл жағдайлар өңірде бір толыққанды әуежай болуының орындылығын сөзсіз айқындап берді.