Хабар телеарнасы

ШҚО-да 400 шақырым жол жөнделеді

Елімізде биыл 12 мың шақырымнан астам жол қалпына келтірілуде. Президент тапсырмасы бойынша бұл жұмыстардың сапасы ерекше бақылауға алынып отыр. Мемлекет басшысы жолдарды салу және жөндеу туралы барлық ақпарат көрсетілетін бірыңғай цифрлық платформаны іске қосуды тапсырғаны белгілі. Мұндай өзгерістер Шығыс Қазақстан облысында жүзеге аса бастады.

«Өскемен-Риддер» автожолы 10 жылға жуық уақыт бойы жөнделмеген. Биыл осы учаскеде қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды. Жалпы еліміздің шығысында биыл 400 шақырымдай республикалық және облыстық маңыздағы күре жол жөнделеді. Мұндай ауқымды жол құрылысы өңірде соңғы 30 жыл көлемінде қолға алынбаған болатын. Бұл мақсатқа 40 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп отыр. «Қазавтожол» мамандарының айтуынша қомақты қаржы арқылы жол салу технологиясын өзгертуге мүмкіндік туды.

Нұрбек Темірханов, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ШҚО филиалының директоры:
-Бұрын қаржыландыру тапшылығына байланысты жолдың бұзылған жерлерін ойып алып, бір қабат жабынды төсейтін едік. Қазір 25 сантиметрге дейін құрылыс материалдарын салып және үстіне 6 және 5 сантиметрлік екі қабат асфальт төселеді.

Жолдың негізгі қабаты тиісті технологияға сай нығайтылады. Құрылыс барысы толық қадағаланып, техникалық ақаулар электронды түрде тіркеледі. Ол үшін Ұлттық жол активтері орталығының мамандары арнайы планшеттерді қолданады.

Ержан Аязбаев, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШҚО филиалының директоры:
-Арнайы бағдарлама бар, оған барлық ескертулер енгізіледі. Бұл жүйеге зертханалық және визуалды ескертулер енгізіледі. Бұл мәліметті барлық тұтынушылар көре алады.

Жол жөнделгеннен кейін көлік нөмері де артатыны белгілі. Бұл ел экономикасы үшін маңызды. Мысалы, Өскеменнен Бұқтырма су қоймасына қарай тек демалыс күндері 40 мыңнан астам автокөлік арлы-берлі өтеді.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Вячеслав Ветлугин, Жігер Бабақанов