Қарин Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның отырысын өткізді
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринның төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Басқосуда Мемлекет басшысының осы жолғы Жолдауында айтылған сыбайлас жемқорлықты азайтуға ықпал ететін шаралар талқыланды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдаманы жүзеге асыру мәселесі қаралды. Тұжырымдама аясында бірқатар кешенді шара бар. Оның ішінде негізсіз баю үшін жауапкершілік енгізу, жемқорлық туралы хабарлаған адамдарды қорғау, қоғамдық кеңестердің рөлін арттыру сияқты мәселелер бар. Парламентке сыбайлас жемқорлыққа қарсы қосымша шаралар қарастыруды көздейтін түзетулердің кезекті топтамасы енгізілді.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
-Биылғы жолдауда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге ықпал ететін шаралар жөнінде бірқатар жаңа тапсырма белгіледі. Оны өздеріңіз Жолдаудан тыңдадыңыздар. Біріншіден, Мемлекет басшысы салық саласын цифрландыруды, барлық процестерді электронды форматқа ауыстыруды тапсырды. Бұл шара осы саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге және үдерістердің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.