Бірыңғай уақыт белдеуі қайта қаралуы мүмкін
«AMANAT» фракциясының бір топ депутаты мәлімдеме жасап, ғалымдар мен үкімет мүшелерін шақырып, Парламенттік тыңдау өткізетіндіктерін айтты.
Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен «AMANAT» партиясының фракция жиынында осы мәселе ортаға салынды. Депутаттар жазда өңір аралап, халықпен кездескенде әсіресе Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар, Ақмола, Жетісу облысы тұрғындарының басты бұйымтайы екенін алға тартып отыр.
Еске сала кетсек, жуырдағы пленарлық отырыста Шығыс Қазақстаннан сайланған Лұқпек Тумашиновтың осыған қатысты сауалына Сауда министрі уақыт мәселесі тек 3 жылдан кейін қарастырылады деп жауап берген еді. Шамасы мәжілісмендерді ол мерзім қанағаттандырмаса керек, топ болыпа уақыт мәселесін қайта қарауды талап етті.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Осы мәселеге қатысты халықтың талабын біз міндетті түрде қарастыруымыз қажет. Сондықтан бұл түйткілді мәселені Мәжілістің алдағы пленарлық отырысымыздың бірінде қарағанымыз дұрыс. Ол жиынға ғалымдар, үкіметтің мүшелерін, жергілікті елді мекендердің тұрғындары, сарапшыларды шақыруымыз керек. Солардың қатысуымен уақыт белдеуінің өзгеруін жан-жақты талқылауымыз керек.
Мақсат Толықбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұрынғы уақыттың қайтарылуын талап етіп жатыр ел. Біздің Шығыс Қазақстанда таңғы екі жарымда таң атады. Сиырдың мөңіреген даусымен оянасың. Кешкі 5-6да тас қараңғы. Бізде 2-3 ауысымда оқитын оқушылар бар. Олар қалай қайтады? Ауылды жерлерде тіпті көшелерде жарық жоқ. Жер үлкен болған соң география бойынша уақыт белдеуі денсаулыққа қаншалықты зиян екені алдын ала зерттелуі керек еді. Қанша энергиямызды артық шығындап жатырмыз.