Хабар телеарнасы

Үкіметте жалпыұлттық іс-шаралар жобасы мақұлданды

Енді банктерге салық салынады, ал колледждерде білім алу және жұмысшы мамандықтары престижге айналуы тиіс. Себебі арнаулы орта білім беру орындары халықаралық стандарттарға көше бастайды. Ал көпшіліктің көңілін күпті еткен міндетті медициналық сақтандыру жүйесін басқару оңтайландырылатын болды.

Үкіметте Президент Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жобасы мақұлданды. Баяндама жасаған министрлер бірауыздан міндеттер толығымен орындалады, - деп ант-су ішісті.

Берік Дүйсенбай, тілші:

- Апта бұрын ғана Мемлекет басшысы Жолдауда қат-қабат мәселені көтеріп, шешімін табу үшін Үкіметке тау-тау міндет жүктегенін білеміз. Міне, араға 8 күн салып министрлер кабинеті бақандай 76 іс-шараны қамтитын үшбу жоспарды жазып алып келіпті. Әрқайсысы бір-бір заңға татиды. Мәселен, Президент айтқан банк жүйесін реттеуі керек болған, бірақ 30 жылдай жаңармаған ескі заң көп ұзамай қайта түлейтін сияқты. 

Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасарЫ - Ұлттық экономика министрі:

- Ақша-несие саясаты желісі бойынша банктер мен кредиттік ұйымдардың қызметін реттейтін жаңа Заң жобасы әзірленетін болады. Заң жобасының негізгі міндеттері – экономикалық белсенділікті ынталандыру, цифрлық активтерді және қаржылық технологияларды реттеу. Осы бағыт бойынша теңгерімсіздікті жою мақсатында төленетін дивидендтерді ескере отырып, банк секторына теңгерімді салық салуды енгізу жөнінде шаралар қабылданатын болады.

Тағы бір маңызды мәселе. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесіндегі талайдың табанын тоздырған жүйесіздік мәселесі шешімін таппай келді. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова осы уақытқа дейін емдеу мекемелерінде 46 мың жалған медициналық жазба енгізу жайттары анықталғанын атап өтті. Қазір тексеріс жүріп жатыр. Енді жыл соңына дейін пилоттық жоба енгізіліп, емделушілер идентификациялық тексеруден өткізілмек.

Берік Дүйсенбай, тілші:

- Мәселен, медициналық көмектің бұған дейінгі екі түрі, кепілдендірілген және сақтандыру пакеті болса, енді медкөмектің бірыңғай пакеті әзірленбек. Яғни медициналық қызметтердің екі жүйеде де қайталануы жойылып, бұған дейін сақтандыру жүйесінен қалыс қалған 1 млндай адамға қол жетімділік қамтамасыз етілуі тиіс.

Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:  

– Медициналық сақтандыру жүйесі бойынша проблемаларымыз бар, оны бәріміз білеміз. Сондықтан ендігі негізгі мәселе осы жүйенің тиімділігін арттыру. Биылғы жылы біз медициналық сақтандыру қорының жұмысын цифрландыруды аяқтаймыз. Ал ендігі жылы толық жүйені цифрандыру мәселесін толықтай атқаратын боламыз.

Алдағы жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» ретінде жарияланғаны мәлім. Енді кәсіптік-техникалық білім беру саласы үлкен реформаға ұшырайды. Мәселен, қазір 772 колледжде 15 бағытта мамандар даярланып жатса, енді олардың сапасы арттырылады және оқытудың халықаралық салалық стандарттары енгізіледі. Соған сәйкес, сертификатталған студенттердің үлесі негізгі көрсеткіштердің бірі болады. Жетістіктерді бағалау жүйесі енгізіліп, ол кәсіптік-техникалық білім беру мекемелерінің барлық жұмысына қолданылады. Нәтижесінде 4 топқа футболдағыдай, деңгейіне қарай 4 лигаға бөлінбек.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

– Бұл ретте бірінші және екінші лигаға жататын колледждер алғашқы 100 технологиялық көшбасшыны қалыптастырады. Олар басқа колледждер үшін ресурстық тірек орталықтарын құрайтын болады. Ерекше атап өткім келетіні, бүгінгі күннің өзінде халықаралық стандарттар енгізілген елімізде 6 колледж бар.

Берік Дүйсенбай, тілші:

- Жолдауды іске асыруға арналған іс-шаралардың түпкі мақсаты экономиканың тұрақты өсуімен бірге азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін белсенді жұмыс атқару. Бұл ретте заңдар сарапшылардың қатысуымен терең талданып барып ғана қабылдануы тиіс. Қаржыландыру мәселесіне абай болыңыздар,- деді Үкімет басшысы. Ақшаны оңды-солды шашатын уақыт емес, артық шығындардан бас тартуымыз қажет,- деп шегелеген соң министрлер кабинеті бірауыздан жоспардың жобасын қабылдады.

Берік Дүйсенбай, Айдос Меделбеков