Хабар телеарнасы

Ақмола облысында егін орағы екі аптаға кешігіп жатыр

Осы күз мезгілінде өзіне көпшіліктің назарын аударатын тағы бір сала – ауыл шаруашылығы, оның ішінде егін орағы маусымы. Мәселен, Ақмола облысында егін орағы екі аптаға кешігіп жатыр. Аймақта күнара жауын. Сондықтан техника да босқа тұр. Қазір өңір диқандары астықтың 19%-ін ғана жинап үлгерді. Шаруалар былтырғы жағдай қайталана ма?, - деп қауіптеніп отыр.

Абзал Балтабаев, тілші:

- Аграрлы аймақта биылғы егіннің шығымы жақсы болғанмен, сапасы төмен. Жергілікті шаруалар осылай деп налиды. Соңғы жауған жауын салдарынан қазір егістік шылқып су болып, батпаққа айналған. Техникалар да тоқтап тұр.

Зеренділік шаруа Медет Сейфілмәліков алқап басына күнде келеді. Бірақ, жұмысқа кірісе алмай отыр. Себебі, жауын-шашын толастар емес. Ал, су астында қалған егіні түрлі ауруларға шалдығыпты.

Медет Сейфілмәліков, шаруа:

- Жауын-шашынға байланысты қиыншылықтар бар. Неше түрлі аурулар шығып жатыр. «Септориоз» деген сияқты, «ржавчина» деген сияқты. Ылғалға байланысты егінді алу өте қиындау болып кетті. Шық түседі. Шық түскен соң түске дейін техника жүре алмайды. Сағат 2-7 дейін ғана уақыт. Сол 4-5 сағатта алып үлгеру керек.

Қазір сабағында тұрған бидайдың өзі бүліне бастаған. Әсіресе ерте себілгендер қарайып жатыр. Жалпы биыл облыста 5 млн-нан астам алқапқа дән себілді. Астықтың орташа өнімділігі гектарынан 12 центнер.

Марат Сауытов, ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Қазір егіс алқаптары әлі де дымқыл. Егер ауа райы жақсы болса, жұмыс қарқынын арттырамыз. Жауын-шашын астықтың сапасына да әсер етуде. Қазір көбіне 3-4 класстағы бидай алып жатырмыз. Күн райы қолайлы болса, қазан айының басында орақ науқанын аяқтаймыз.

Ал күн райына келер болсақ, синоптиктер осы айда жауын-шашын мөлшері көп болады, - деп болжап отыр.

Салтанат Мұнайбаева «Қазгидромет» РМК филиалының қызметкері:

- Жаңбыр екінші онкүндіктің басында, үшінші онкүндіктің соңында болады деп болжанады. Жауын-шашын үшінші онкүндіктің соңында қарға айналуы күтіліп отыр. Найзағай екінші онкүндіктің соңында күтіледі. Айдың ортасында тұман болуы мүмкін.

Су сіңген бидайды кептіру үшін Үкіметтен қосымша  22 мың тонна дизель отыны мен мың текше метр сұйытылған газ бөлінді. Аймақтағы 66 астық сақтау қоймасы өнімді қабылдауға дайын тұр. Жалпы сыйымдылығы – 4,3 млн тонна. Ал шаруалардың ауа райының тұрақталғанын күтуден басқа амалы жоқ

Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко