Хабар телеарнасы

Орталық Азияда парламентаралық байланыстардың берік негізі қалыптасты

Екіжақты сапарлар жандандырылып, өзара іс-қимылдың жаңа тетіктері іске қосылды. Бүгін Хиуада бас қосқан Орталық Азия елдерінің Парламент жетекшілері осындай пікірге тоқтады. Форумға Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысып, 1 жыл бұрын қазақ жерінде қабылданған Түркістан декларациясының маңызы жөнінде ой қозғады. Басқосу аясында ол өңір экономикасын дамытудың жаңа интеграцияланған моделін ұсынды.

Өзбекстан үшін қастерлі әрі киелі шаһарлардың бірі Хиуада өткен форум парламентаралық диалогқа тың серпін берді. Тарихи орындары һәм ежелгі ескерткіштерімен әйгілі қалада 5 елдің мәртебелі меймандары бас қосты.

Форум «Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы Орталық Азия Парламенті мен өкілді билік органдарының рөлі» тақырыбына арналды. Басқосу аймақтың күн тәртібіндегі ортақ мәселелерді бірлесіп шешуге бірегей мүмкіндік ұсынып отыр. Былтыр бұл форумның алғашқысы Қазақстанда өткен еді. Араға уақыт салып кезек Өзбекстанға келді.

Парламент жетекшілері әуелі Мемлекет басшылары деңгейіндегі келісімдердің іске асырылу барысын саралады. Кейін бірнеше бағытта өрбіп жатқан ынтымақтастыққа оң ықпал етудің жаңа моделін ұсынды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
-Дамудың интеграцияланған моделін қалыптастыру – баршамыз үшін ортақ міндет. Бұл жолдағы басты мақсатымыз Орталық Азия тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыру екені сөзсіз. Осыған байланысты бірлескен жұмысымызды бірнеше бағытта жалғастырудың маңызы зор деп есептеймін. Бірінші – экономикалық даму және ынтымақтастық. Ортақ экономикалық кеңістікті дамыту, сауда-саттықты кеңейту және өнеркәсіп кооперациясын күшейту үшін құқықтық база қалыптастыру ісін жалғастырудың берері мол. Екінші – Біріккен Ұлттар Ұйымының Орнықты даму мақсаттарын іске асыру. Су ресурстарын тиімді пайдалану – өңірдегі барлық ел үшін өзекті мәселе. Бұл ретте біз гидроэнергетикалық нысандарды бірлесіп салу және су-энергетикалық консорциумын құру жөніндегі бастамаларды қолдаймыз.

Мәулен Әшімбаев әлемдік сын-қатерлерді бірлесіп еңсерудің маңызын да атап өтті. Бұған тағы үш міндет кіреді. Ол - өңір экономикасын өсіру, орнықты даму мақсаттарын іске асыру және адам капиталын дамыту. Орталық Азия елдері бұл істе тәжірибе алмаспақ ниетте.

Танзила Нарбаева, Өзбекстан Олий Мәжілісі сенатының төрағасы:
-Орталық Азияның туристік әлеуеті зор. Бұл саланы дамыту арқылы халықтарымыз арасындағы байланыс дамиды. Мәдени-гуманитарлық қатынастар алға жылжиды. Қазір Өзбекстанға келіп жатқан саяхатшылардың 80% көршілес мемлекеттерден. Осы тұрғыда өңірлік туризм жобасын әзірлеу бағытында жұмыс жүріп жатыр. Бұл іс бес мемлекеттің де экономикалық дамуына тың серпін беретін іс.

Форум аясында азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған панельдік сессия отырыстары өтті. Жергілікті билік органдарының өзара іс-қимылын кеңейту мен негізгі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге жастарды тарту жайы қаралды. Парламентаралық комиссиялар мен достық топтарының қызметін одан әрі жандандыру қажеттігі айтылды.

Әлішер Сатыбалдиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Бұл мемлекеттердің ортақ жалпы ішкі өнімі 450 млрд долларға жетіп отырғаны, арадағы сауда айналымының көлемін 15 млрд-қа жеткізу бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Соның барлығына әрине заңдық база керек. Сол мәселелерді бүгін талқыладық.

Гүлқасима Сүйінтаева, Ақтөбе облысы мәслихатының төрағасы:
-Форумға қатысушылар парламентаралық байланыстарды дамытудың маңызды екенін түсініп отыр. Соның ішінде мәслихаттардың да өзара байланысы өңірлердің дамуына жол ашады деп ойлаймыз. Сол арқылы өзекті мәселелерге дер кезінде әрекет етіліп, тәжірибе алмасуға жағдай жасалады.

Сенат спикері елдер арасындағы өнеркәсіп, көлік-транзиттік инфрақұрылым, сауда және энергетикалық кооперация мәселелерін екіжақты кездесулерде талқылады. Өзбекстан және Қырғызстан тарапымен су-энергетикалық қауіпсіздік, цифрландыру, сондай-ақ инвестициялық байланыс тақырыбы қозғалды. Өз кезегінде бауырлас ел өкілдері Қазақстанмен ынтымақтастық қарқынын жоғары бағалап, сындарлы диалог одан әрі жалғасатынына сенім білдірді.