Хабар телеарнасы

Қаңтар сабақтары: «Хабар» телеарнасы жаңа деректі фильм ұсынады

Осыдан тура 3 жыл бұрын еліміздің жаңа тарихында қанмен жазылған қаралы қаңтар оқиғалары болды. 237 адамның өмірі қиылып, мыңдаған ғимарат бүлініп, миллиардтаған шығын әкелген толқулар халқымыздың жадында қасіретті Қаңтар деп атаумен қалды. Газ бағасының орынсыз қымбаттауына қарсы бейбіт шерулермен басталып қанды қырғынға ұласқан оқиғалар тізбегі ел дамуының шежіресін дейін мен кейінге бөлгендей. «Хабар» арнасы қаңтардан соңғы қалпына келтіру жұмыстары хақында фильм әзірледі.

Еліміздің бірнеше қалаларын қамтыған қайғылы оқиғалар тізбегі тәртіп пен хаос арасындағы тепе-теңдіктіңді бұзылуы оңай екенін көрсетті. Артында ауыр естеліктер мен қираған ғимараттарды қалдырған оқиғалар қоғамның санасында сілкініс туғызып, елдік мұрат жылдар бойы жасалатын еңбектің нәтижесі екенін, барды бағалау қажеттігін көрсетіп берді. Қаралы қаңтардың ізі халықтың жүрегімен қатар қала көшелерінен де көрініс тапты.

Ризабек Ожаров, Қызылорда облысының прокуроры:

– 5 мемлекеттік ғимаратына залал тигізген. Одан бөлек 52 автокөлік өртеніп кетіп, 70 автокөлікке зақым тиген.  Мемлекетке 1.8 млрд тг мөлшерінде залал келтірілген.  Ол толық мемлекетпен өндірілген.

Бұл Қызылордадағы ғана жағдай. Ішкі істер министрлігінің дерегіне сүйенсек 9 қалада мың жарымдай түрлі ғммаратқа зақым келді. Оның ішінде 71 мемлекеттік мекеме бар. 1400 дей бизнес нысаны тоналып кетті. Соған қарамастан кәсіпкерлер жұртқа жылу жинап, көмек ұйымдастырумен болды. Соның бірі Талдықорғандық Дәурен Тәліпов.

Дәурен Тәліпов, кәсіпкер:

– Ыстық тағамдарды енді 7-сі күні түскі асқа апарды. 500-600 порция. Сол уақытта атыс басталды. Әскери Арлан көлігі сол жаққа көмекке асығып бара жатқан. Сол кезде бір-бірімізді көрмей қалдық па, сондай жол оқиғасы болып қалды. 

Жол апатынан ауыр жараланған кәсіпкер төсекке таңылса да көмегін тоқтатқан. Ал оның бірнеше операциясы мен оңалту шығындарын мемлекет көтеріп алды. Қаңтардан соң қираған ғимараттар жыл жарым уақытта қалпына келтірілді.

Санжар Қабдыбек, Жетісу облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

– Жалпы құрылыс жұмыстары 2022 жылдың жаңағы ақпан айында басталған болатын. 2023 жылы қыркүйек айының 25-де нысан бітті. Жалпы нысанның ұзақтығы, құрылыс жұмыстары 17 айға созылды.

Нұрғалым Әбдіров, Жамбыл облысының прокуроры:

– Алдымызда мұндай қақтығыстар тек қана тарихтың беттерінде қалатын болсын. Соған сенеміз

Тәуелсіздіктің шежіресінде шермен жазылған қаралы оқиғалар жаңа тарихтың парақтарында жасампаздыққа жасалған бетбұрыстың бастауы болды. «Қаңтар сабақтары» деректі фильмін бүгін кешкі сағат 19:30-да Хабар арнасының эфирінен көре аласыздар.