Мемлекеттік кеңесші ШҚО-ның қоғам белсенділерімен кездесті
Мемлекеттік кеңесші және Ұлттық құрылтайдың бір топ мүшесі Шығыс Қазақстан облысында бірқатар кездесу өткізді.
Ерлан Қарин облыс, қала, аудан әкімдері және мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен ішкі саясат мәселелерін сөз етті. Жиында азаматтық қоғамды дамыту, ел бірлігін нығайту, ономастикалық жұмысты үйлестіру және жастарды қолдаудағы Президент бастамаларын жүзеге асыру бағыттары талқыланды.
Мемлекеттік кеңесші энергия қуатының жаңа көздерін дамыту, атап айтқанда атом электр стансасын салу өзекті мәселе екеніне назар аударды. Ерлан Қарин атом электр стансасы экономикалық өсімнің маңызды шарты ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның энергетикалық дербестігін қамтамасыз етуге жол ашатын тамаша мүмкіндік екенін айрықша атап өтті.