АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері Алматы облысына барды
Атом электр стансасын салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері Алматы облысына барды. Оның құрамында депутаттар, сарапшылар және қоғам қайраткерлері бар. Олар өңірдегі кәсіпкерлермен және жергілікті тұрғындармен кездесіп, АЭС салуға қатысты референдум өткізу мәселелерін талқылады.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев шағын және орта бизнес өкілдерімен жүздесуде жаңа жұмыс орындарын ашу және ірі жобаларды іске асыруға ықпал ететін инфрақұрылымды дамытудың маңызына тоқталды. Қазіргі таңда елдің энергетикалық секторы негізінен көмір электр стансаларына тәуелді. Басқосуда сенімді және қауіпсіз энергия көзі, отандық тауар өндірушілердің тұрақты дамуы үшін де аса маңызды екені сөз болды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Электр энергиясымен қамтамасыз етудің біз жан-жақты саясатын жүргізіп жатырмыз. Бұл жерде ең басты мәселе – кешенді түрде жұмыс істеуіміз керек. Солай біз Қазақстанымыздың дамуына жаңа мүмкіндіктер ашамыз. Сондықтан осындай үлкен жобаны халықтың талқылауына Президентіміз арнайы шығарып отыр. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» саясатының айқын көрінісі.