Хабар телеарнасы

АЭС: Алматы облысындағы Үлкен ауылының тұрғындары өз ойларымен бөлісті

Президент Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында АЭС салу бойынша өтетін референдум күнінің 6 қазанға белгіленгенін айтты. Аталған стратегиялық нысанның құрылысын жүргізетін орынның бірі ретінде Алматы облысындағы Үлкен ауылы қарастырылғаны белгілі. Балқаш көлінің жағалауында орналасқан бұл елді мекен атом электр стансысын салуға географиялық тұрғыдан өте қолайлы. Өйткені реакторларды салқындатып тұратын мол су қоры қажет. 

Қонаев қаласынан 330 шақырым қашықтықта орналасқан Үлкен ауылында 80 жылдардың орта тұсында құрылыс қыз-қыз қайнап жатты. Бірақ 90 жылдардағы тоқырау кезеңінде ГРЭС салуға бағытталған жұмыстар тоқтап қалды. Ауылда мектеп пен медициналық пункттен басқа әлеуметтік нысан жоқ. Көпқабатты тұрғын үйлердің көбі қаңырап, бос тұр. «Атом электр стансысы салынса, жаңа жұмыс орындары мен заманға сай әлеуметтік нысандар ашылып, ауылдың күретамырына қан жүгірер еді», - дейді жергілікті тұрғындар.

Нұрғали Әлімбаев, Үлкен ауылының тұрғыны:

- Өзім атом электр стансысы бұл жаққа керек деп ойлаймын. Неше жылдан бері халық күтіп жүр ғой енді «болады, болады», - деп. Халыққа жұмыс болады, жастарға жұмыс болады. Елге де пайдасы тиеді атом электр стансысы болғаннан кейін.

Қымбат Ілиясова, Үлкен ауылының тұрғыны:

- Енді әлемде 27 мемлекет атом электр стансысын саламыз деп отыр ғой. Соның ішінде 17 мемлекет соған шешім қабылдап отыр. Соның ішінде Қазақстанның бары бізді қуантады.

Ядролық физика институтының қызметкерлері электр қуатына деген сұраныс еселеп артқан дәл бүгінгідей заманда энергетикалық қауіпсіздік мәселесіне айрықша басымдық берілуі керек екенін айтты. Олардың пікірінше, бұл күн тәртібіндегі ең өзекті мәселенің бірі болуы тиіс.

Саябек Сахиев, ядролық физика институтының бас директоры:

- Ұлттық қауіпсіздіктің бірі – энергетикалық қауіпсіздік. Мысалы, энергетика көзі әлемде ең қауіпсіз, ең арзан делініп келсе, экологиялық мәселелерге сәйкес, қазір жасыл энергетика делініп келе жатыр. Міне, осы екі шартты қанағаттандыратын атом электр стансысы базалық. Ол 24 сағат тәулігіне, 7 күн аптасына электр энергиясымен қамтамасыз етіп беріп отырады.

Алматы облысы жылына орта есеппен 550-630 МВт электр қуатын тұтынады. Соның жартысы өзінде өндірілсе, қалғанын сырттан сатып алады. Еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан өңір болғандықтан,  облыстың электр энергиясын тұтыну көлемі 2050 жылға қарай 3000 МВт-қа дейін жетуі мүмкін. Өйткені мұнда 4 жаңа индустриялық аймақ салу жоспарланып отыр.

Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов