Шардара ауылында шаруалар қашыртқы сулардан зиян шегіп отыр
Түркістан облысының Шардара ауылында шаруалар қашыртқы сулардан зиян шегіп отыр. Алатау ауылдық округінде жылдар бойы жерасты суы жиналатын каналдардың тазаланбауы салдарынан диқандардың егістіктері құрғап қалды. Өйткені мақта мен көкөністерге ағын су жіберсе, жерасты суы көтеріліп, топырақ сорланып кетеді.
Алатау батыр ауылының тұрғыны Мақсат Яхияев биыл 8 гектар жерге мақта, 4 гектар жерге жоңышқа еккен. Алайда жерасты суының көтеріліп кетуіне байланысты мақтасын суғара алмапты. Оның үстіне топырақ сорланып кеткен. Енді мақтасының шығынын кімнен сұрарын білмей дал.
Мақсат Яхияев, шаруа:
- 1 гектар жерге 300 мың теңгедей ақша шығарып отырмыз. Дәрісі бар, басқасы бар. Енді мына жердегі мақтадан ондай өнім аламыз деп ойламаймыз.
Қашыртқы каналдарының жанына жоңышқа еккен Қонай Қалдықұлов та биыл жоңышқасыз қалды. Себебі шілде шыққалы бірде-бір рет су бере алмапты. Жердің тозып, сор басып кеткенін жауаптыларға жеткізіп, көмек сұрағанымызбен нәтиже болмай тұр, - дейді.
Қонай Қалдықұлов, шаруа:
- 10 гектардың 4 гектарында жақсы өсіп тұр. Қалған 6 гектарында жоқ. Бірде-бір су ішкен жоқ. Ертең анау салық сұрайды. Бала-шағамыздың қыстық азығы бар. Сондай болып тұр енді.
Қашыртқы судан зардап шеккен шаруалардың қатары күннен-күнге көбейіп барады. Себебі оларды қазып, реттеу жұмыстары жылдан-жылға созылып барады.
Мансұр Әлімбеков, суды реттеуші маман:
- Арғы бетінде күріш егудің кесірінен мына қашыртқы толған. Сөйтіп біз шаруалар ана жерді көмгенбіз. Оны ашсақ, судың астында қалып кетейін деп тұрмыз. Өзі алған адамдар тастап кеткен.
Ермек Смайылұлы, «Қазсушар» РМК Шардара өндірістік филиалы басшысының орынбасары:
- Қашыртқылар ПУИД бағдарламасы арқылы жасалу қажет. Ағымдағы жылы вегетациялық су беру науқанына сәйкес су берген уақыттан кейін ол кісілер ары қарай жұмыстарын жалғастыратын болады.
2016 жылы басталған ирригациялық дренаж жүйелерін жетілдіру жобасы карантин кезінде құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты тоқтап қалған. Дегенмен жауаптылар бұл жұмыс келер жылы аяқталады деп сендірді. Ал еңбегі еш кеткен шаруаларға күтуден басқа амал жоқ.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов