Көшпенділер ойыны: Ұлттық құрама дайындықты шыңдап жатыр
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысатын ұлттық құрама да дүбірлі дода қарсаңында соңғы оқу жиынын өткізіп жатыр. Жаттығулар 7-ші қыркүйекке дейін жалғасады. Ал байрақты бәсекеге келетін үздіктер аз емес. Тек зияткерлік ойындар бойынша әлемнің 50-ден астам елінен үміткер келеді.
Түрік халқының мангала ойынын жетік меңгерген Биғали Зкрияев қазір күн өткен сайын дайындықты шыңдап жатыр. Бұған дейін халықаралық дәрежедегі бірнеше турнирдің жүлдесін иеленсе де, алдағы жарыстың тартысты өтетінін біледі. Себебі дәл осы ойын бойынша 10-нан астам елден спортшылар келмек.
Биғали Зкрияев, ойыншы:
- Бұл үлкен ауқымды іс-шара, біріншіден. Екіншіден, бұл түріктің ұлттық ойыны болғандықтан, бұл жерде қарсыластар өте мықты. Мысалы, қырғыз елінің спортшылары, Түркия елінің спортшылары және Чехия елінің спортшылары мықты. Соларға қарсы арнайы дайындық жүргізіп жатырмыз.
Зияткерлік ойындар тізіміне кіретін қазақтың тоғызқұмалақ және батыс Африка халқының овари спорт түріне қатысатын үміткерлер де әзірліктерін пысықтады.
Айнұр Жақапбаева, тоғызқұмалақтан бас жаттықтырушы:
- Құрамада әр спорт түрі бойынша 2 ер, 2 әйел тоғызқұмалақтан, екі ер, екі әйел мангаладан және 2 ер, екі әйел овариден ел намысын қорғайды. Бізде әр спорт түрі бойынша 3 медаль сарапқа салынады.
Ордо да тартымды өтетін түрі бар. Ал «бес асық» және «асық ату» көшпенділер ойындарының бағдарламасына алғаш рет кіріп отыр.
Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:
- Асық атудан біздің ұлттық құрама сапында 4 ойыншы бар. Дегенмен спорттың бұл түріне қатысу үшін әлемнің 14 елінен үміткерлер келеді. Сондықтан біздің жігіттерге дүбірлі жарыста үздік өнер көрсету үшін дайындықты шыңдау міндеті тұр.
Елордаға ат спортына қатысатын үмікерлер де жетті. Көкпаршылар дода өтетін аумақта жаттығуларын бастап та кетті.
Құрманбек Тұрғанбек, көкпардан ұлттық құрама капитаны:
- Ойын алаңының бәрі әдемі, жақсы болған. Ыңғайлы, сапасы да жақсы. Дайындық барысы жақсы өтіп жатыр.
Елордада болатын 5-ші Дүниежүзілік көпшенділер ойындарында жарыстар спорттың 21 түрінен өтеді. Біздің ойыншылар бұлардың барлығына қатысады. Жалпы ұлттық құрама сапында 200-ден астам адам бар.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Қанат Абилдин