Ұлытау облысында алименттен жалтарғандар көп
Ұлытау облысында уақытында төленбеген алимент мөлшері 350 млн теңгеден асқан. Бұл әкелік парызын өтеуден жалтарған немесе тұрақты жұмысы болмаған соң төлей алмай жүрген 167 адамның қарызы. Қазір өңірде алимент төлемеген 400-ге жуық азаматқа шетелге шығуға тыйым салынған. Мәселені шешу үшін Әділет департаменті әкімдікпен бірлесіп жұмыссыз борышкерлерге арнап еңбек жәрмеңкесін ұйымдастырады.
Есімін атамауды өтінген кейіпкеріміз бұрыңғы күйеуінен 10 жыл бұрын ажырасқан. Алғашқы жылдары аз-кем көмек көрсеткен ол кейін алимент төлеуден бас тартқан. 5 жыл бойы қордаланған қарызын жақында сот орындаушылары өндіріп берді.
Жезқазған қаласының тұрғыны:
- Бастапқы кезде аздап көмек көрсетіп тұрды. Кейін жалақысының аздығын айтып, мүлде төлемей қойды. 1 млн теңгеден астам алиментті сот арқылы өндіріп алдық. Қазір уақытында төлеп жүр.
Өңірде 6700 адам алимент төлеуге міндеттелген. Әділет департаменті мамандарының дерегінше 167 борышкер қарызын өтеуге құлықсыз. 100-ге жуық азамат мүлде бас тартқан. Олар алимент төлемеу үшін жұмыс берушімен ауызша келісім арқылы табыс табатын көрінеді.
Бағдат Наумағамбетов, Әділет департаменті басшысының орынбасары:
- Жыл басынан бері Әкімшілік кодекстің 169 бабы бойынша 23 борышкерге шара қолданылды. Оның 7-еуі әкімшілік қамауға алынып, өзгелеріне айыппұл салынды. Сондай-ақ алимент төлеуден қасақана жалтарған борышкерлерге қатысты 13 қылмыстық іс сотқа жолданды.
Алимент төлеуден қашқан азаматтардың автокөлігі қарызын өтегенше айып тұрағына қойылады. Сот шешімімен есепшоты бұғатталып, шетелге шығуға тыйым салынады. Ал жұмыстың жоқтығын алға тартатындар үшін арнайы еңбек жәрмеңкесі ұйымдастырылады.
Елдос Кәкенов, тілші:
- Өткен кезекті еңбек жәрмеңкесінде борышкерлер үшін 25 мекеме 200-дің үстінде бос жұмыс орнын ұсынды. Бірнеше азамат мамандығына сай жұмыс тапты. Ал ұсынылған жұмыстан әдейі бас тартқан борышкерлердің ісі сотта қаралады. Тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев