Биыл кем дегенде 20 млн тонна астық жиналады
Қазақстанда биыл кем дегенде 20 млн тонна астық жиналады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, ел диқандары осы жылы 23,3 млн гектар жерге түрлі дақыл екті. Қазір оның 67,9%, яғни 11,3 млн гектары жиналған. 16,7 млн тонна астық бастырылды. Алтын дәннің орташа өнімділігі гектарына 14,7 центнерден айналады. Қазірдің өзінде 1 млн астық экспортқа жіберілген.
Айта кетейін, биыл Үкіметтен шаруаларға көктемгі егіс пен күзгі жиын-терім жұмыстарына берілетін несие көлемі 580 млрд теңгеге жетті.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
-Мемлекет ауыл шаруашылығы саласын қолдау және оған қолайлы жағдай жасау бойынша қажетті шаралардың барлығын қабылдап келеді. Соған сәйкес бизнес те ашық және адал жұмыс істеуі тиіс. Әйтпесе біз жалған есеп, шындыққа жанаспайтын деректерді беру секілді жағдайларды көріп отырмыз. Мұның барлығы – жеңіл пайдаға құнығып жасалатын заңсыз әрекеттер.
Қарағанды облысында орақ науқаны аяқталуға жақындап қалды. Алдағы 10 күнде жаңбыр жаумай, ауа райы қолайлы болып жатса, онда қыркүйектің соңына дейін жиын-терін науқаны аяқталуы мүмкін. Қазір егіннің 60% астамы жиналды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының дерегінше, орташа өнімділік гектарына 11 центнерден асады. Жалпы Қарағанды облысында дәнді-дақыл мен көкөніс 900 мың гектарға егілген. Болжам бойынша, биыл 600 мың тонна картоп жиналуы мүмкін. Бұл былтырғы көрсеткіштен артық. Аймақ сұранысынан артылған өнім Астана мен еліміздің оңтүстік өңірлеріне жеткізіледі.