Сарапшылар: Қылмыс азаймай, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мүмкін емес
Қоғамда қылмыс азаймай, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мүмкін емес. Президенттің жуырдағы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын талқылаған сарапшылар осылай дейді. Заңнама және құқықтық ақпарат институтының ғылыми қызметкері Саттар Рахметовтың сөзінше, біздің елде криминогендік ахуал көңіл көншітпейді. Ауыр және аса ауыр қылмыстар әлі күнге дейін азаяр емес. Одан қалды тіркелген істердің жартысынан астамы ашылмаған күйі қалады. «Қылмыстың ашылуы 30-40% асқан емес»,— деп налиды заңгер. Жиында АЭС салу мәселесі де қызу талқыланды.
Марат Сәрсембаев, Заңнама және құқықтық ақпарат институты бөлімінің бас ғылыми қызметкері:
-Бұл тақырыптың маңыздылығы айрықша. Біз оны әлі де жіті түсіне алмай келеміз. Қай заманда болсын өнеркәсіпті дамытамыз десек, тұрақты энергия қажет. Бізде түрлі қуат көзі баршылық. Бірақ олар жеткілікті емес. Сол себепті қазір Ресейден электр энергиясын сатып алып отырмыз. Сондықтан мұндай тәуелділіктен арылу қажет.