Тасқыннан зардап шеккендерге 5767 пәтер сатып алынған
Биылғы су тасқыны біраз былықтың бетін ашты. Төтенше жағдайлар министрлігінде инженерлік техника мен әуе көлігінің жеткіліксіздігі байқалса, аймақ әкімдіктері апат салдарымен күресуге мүлдем дайын болмай шықты. Бұл туралы Үкімет қабырғасында айтылды. Биліктегілер су тасқынынан қандай сабақ алды?
Дамир Берікұлы, тілші:
- Биылғы су тасқыны – тәуелсіз Қазақстан тарихында болмаған алапат апат. 60 шақты елді мекеннен 120 мыңнан астам адам баспанасын тастап, қауіпсіз жерлерді паналауға мәжбүр болды. 10 облыста бас-аяғы 17 мың 600 үйге су кірсе, оның 8,5 мыңға жуығы жарамсыз күйге түсті.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың сөзінше, су кірген 9 мыңнан астам үй күрделі жөнделген. Ал баспанасы жермен жексен болған үйлердің орнына 5 мың 767 үй мен пәтер сатып алыныпты. Қалған 2 мың 680-і жаңадан салынған. «Осылайша су тасқынынан зардап шеккендердің барлығы дерлік баспаналы болды», - дейді Үкімет мүшелері.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- 3,5 айдың ішінде 17 мың 600 үйді қалпына келтіру, оның ішінде 2600 үйлерді соғу деген және халыққа беру деген үлкен жұмыс. Бүгінгі таңда Ақмола облысында 38 үй, Батыс Қазақстан облысында 28 үйдің құрылысы аяқталуда. Аяқтау мерзімі – 1 қазан.
Үйлерді салдық. Ал апаттан қандай сабақ алдық? Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов ведомство жанынан төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті құрылғанын айтады. Одан қалды құтқарушыларды көбейтіп, аймақтардағы бөлімшелердің материалдық-техникалық базасын күшейтіп жатырмыз, - дейді.
Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Бүгінде назардан тыс қалып, қолайлы жағдай жасалмаған құтқару бөлімшелеріне ерекше көңіл бөлінуде. Осыған байланысты жаңа тәсілге бой бұрып, өртсөндірушілер, медицина қызметкерлері мен құтқарушылар бір жерге орналасқан бірегей өрт сөндіру депосы құрылуда. Бұл шұғыл әрекет етуді арттыруға және азаматтарды дер кезінде құтқаруға шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Одан бөлек бірнеше ұшақ пен тікұшақтар сатып алынбақ. Дауыл мен жауынға қарамай ұша беретін ұшқыштарды да дайындаймыз, - дейді бас құтқарушы.
Ал Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов биылғы тасқын кезінде өзен-көлдерге су барғанын айтады. Бірақ қызыл су сай-салаға кетеді екен деп құр қарап отыруға болмайды.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
- Болашақта тасқын суды жинауды және қауіпсіз су өткізуді қамтамасыз ету үшін көлемі 2,6 млрд текше метр құрайтын 42 жаңа су қоймасын салу, жалпы жобалық көлемі 3,7 млрд текше метр болатын 37 су қоймасын қайта құру, сондай-ақ шамамен 14,5 мың шақырым ирригациялық каналдарды салу мен қайта құру жоспарланып отыр.
Жиын соңында Үкімет басшысы Олжас Бектенов өңір әкімдеріне алдын алуға ертерек қамдануды тапсырды. Ол үшін күздің соңына дейін су тасқыны қаупі бар елді мекендердің барлығында бөгеттер жасалып, су арналары тазалануы тиіс.
Дамир Берікұлы, Айдос Меделбеков