БҚО-да сұйытылған газ тапшы
Бекеттерде үш күннен бері ұзын-сонар кезек. Мамандар мұның себебін газбен жүретін көлік көбейіп кеткендігімен, ай сайын облысқа бөлінетін сұйытылған газ көлемінің аздығымен түсіндіреді.
Өңірде 110 газ құю стансасы болса, соның көпшілігінде дәл қазір пропан мүлде жоқ. Барының өзінде ұзын-сонар кезек. Көліктерін көгілдір отынмен қоректендіргісі келгендер бірнеше сағаттап күтуге мәжбүр. Тек талонмен беріп жатқандары да бар.
Арман Төлеғалиев, қала тұрғыны:
- «Нефтэкке» бардым, Желаев трассасына бардым. Бәрі талонмен. Қалада үш күннен бері жүрмін, үш күннен бері газ жоқ. Үнемі газ іздеп жүреміз. Кезекте тұрмыз. 24 адам. 25-ші тұрмын, мүлде газ жоқ. Мемлекет не істеп жатыр?
Энергетика басқармасының мамандары сұйытылған газдың жетіспеуін пропанға көшкен көліктердің көбеюімен байланыстырады. Осыдан 3 жыл бұрын облыста газбен жүретін 18 мың автомобиль болса, қазір олардың саны 23 мыңға жеткен. Яғни барлық автокөліктің 15%. Сонымен қатар аймаққа ай сайын бөлінетін газ мөлшері де аздық етуде.
Мирас Мүлкай, БҚО Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
- Біз салыстырмалы түрде керек 4 мың тонна деп тұрмыз ғой. 4 тоқсанға қазан айына 3300 тонна бөлініп тұр. Бірақ қосымша көлемдермен 4 мың тоннаға барамыз. Жаз айларында 5 мың тоннадан да асып кеттік. Енді автокөлікке байланысты, егер деген Атырау, Маңғыстау облыстарымен салыстырмалы түрде қарасақ, оларда автокөлік саны да көп, газбен жүретіндердің көлемі 60%-ті құрайды.
Қазір пропан тапшылығын шешу үшін қосымша 400 тоннаға сұраныс беріліпті. Ал қазан айынан бастап Батыс Қазақстан облысы толықтай жергілікті өнімді тұтынуға көшпек. Былтыр жыл соңында өнеркәсіптік пайдалануға берілген Рожков кен орнынан алынған сұйытылған газ облыс қажеттілігін өтеуге толық жеткілікті, - дейді мамандар.
Мирас Мүлкай, БҚО Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
- Қыркүйек айында 30% Атырау МӨЗ-нан, 70% БҚО кен орнынан алып келдік. Аталған кен орны Орал қаласынан 100 км қашықта орналасқан. Логистика жағынан келсек, оңай соғады деп ойлаймыз. Әр тоқсанның соңында жанармай құю стансаларында кезек пайда болады. Енді бұл кезекті біз Энергетика министрлігімен бірлесе отырып, шешу жолын таптық деп айтуға болады.
Дегенмен Батыс Қазақстанда болашақта сұйытылған газ тапшылығы болмайды деп кесіп айту қиын. Себебі өңірдің қажеттілігі жыл санап артып келеді. Мәселен, соңғы 6 жылда облыста тұтынылатын пропан мөлшері екі есе өскен.
Е. Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов