Ақмола облысында шаруа игеріп отырған жерінен айырылды
Ақмола облысында шаруаның игеріп отырған жерін атқарушы органдар тартып алған. «Ақкөл ауданының Домбыралы ауылындағы кәсіпкер 400 гектардан астам егістігінен айрылдым»,– деп арнамызға хабарласты. Айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын аудандық әкімдіктің берген ауыл шаруашылығы жерін, прокуратура заңсыз деп таныған. Соған сай сот, «егістік алқабы мемлекетке қайтарылсын» деген үкім шығарыпты.
Бұл бір шағын шаруашылық емес. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған ірі серіктестік. Екі гектар аумаққа бірнеше ғимарат салып, жүздеген сауынды сиыр әкеліп, білдей бір сүт фермасын тұрғызған. Кәсіпкер мұнда бас-аяғы 2 млрд теңгеге жеке қаржысын салған. Енді осының бәрі зая кете ме деп қорқады.
Мәди Есқараев, серіктестік директоры:
-Қазір дәл сол жерді алып қоятын болса, мына мал азықсыз қалады. Өйткені ол жерде біз жүгері дақылдарын егеміз. Мына сүтті бағытта силоссыз болмайды. Яғни «сочный корм» дейді. Ол болмаса, сүт берілмейді негізінде. Енді қазір біз Астанаға жіберіп жатырмыз сүтті, Ақмола облысын да қамтып отырмыз. Бірақ қазір сұрақ тұр: болашақ бар ма, жоқ па?
«Бірақ біздің жанайқайымызға құлақ асып жатқан ешкім жоқ»,– деп налиды шаруа. Тіпті былтырдан бері бірнеше сот отырысы өтсе де, ешқандай құзырлы органның өкілі фермаға аяқ баспаған. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауды жыл сайынғы Жолдауында айтып келеді. Биыл да бұл мәселеге арнайы тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жер оңтайландырылған рәсім бойынша мемлекетке қайтарылуға тиіс. Ал жерді пайдаланушы оған инвестиция салып, адал еңбек етіп жатса, жұмысқа бөгет жасамау керек. Сондай-ақ, оның ауылды көркейтіп, тұрғындарға тұрақты жұмыс беріп отырғанын да ескерген жөн.
Мәселенің мән-жайын білу үшін облыстық әкімдіктен бастап, Бас прокуратура мен Жоғарғы сотқа дейін хабарластық. Алайда олардың барлығы «сот шешімі шығып қойған» деп, сұхбат беруден бас тартты. Ал жерді кезінде кәсіпкерлерге ұзақ мерзімге пайдалануға берген Ақкөл аудандық жер қатынастары бөлімі болса, біз оны Заң аясында инвестициялық жобалар бойынша бердік дейді. Бірақ Прокуратура заңның басқа бабын ұстанып отыр дегенді айтады. Бірақ осының бәрінен жұмыс істеп тұрған шаруашылық зардап шекті. Әділеттілік іздеп, талай мекеменің табалдырығын тоздырған шаруа, енді қайда барарын білмей.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Аманжол Байғазин