Хабар телеарнасы

Шымкентте бокстан халықаралық турнир өтіп жатыр

Шымкентте бокстан Қарақозы Абдалиевті еске алуға арналған халықаралық турнир өтіп жатыр. Бұл өзі талай таланттардың жолын ашқан дәстүрлі жарыс. Биылғы бәсекеге де кіл мықтылар келіпті. Бүгін шаршы алаңға ауыр салмақтағы алыптар шықты. Жанкүйерлер Айбек Оралбай мен украиналық Кирилл Стоянцев арасындағы жекпе-жекті асыға күткен. Алайда айыздары қанбай қалды. Өйткені бірінші раунттан кейін қонақ боксшы жекпе-жектен бас тартты. Енді ширек финалда Айбек Оралбай түрік боксшысы Айдемир Угурмен қолғап түйістіреді. Естеріңізге салайық, Айбек Париж Олимпиадасынан кейін ең ауыр салмаққа ауысып, ұлттық құраманың капитаны болды. Осы жарыста топ жарғандар ұлттық құрамаға алынып екі айдан кейін Азия чемпионатына қатысуы мүмкін.