АЭС салу мәселесіне қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бүгін аяқталады
Бүгін елімізде атом электр станциясын салу мәселесіне қатысты референдум аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аяқталады. Ол тура 400 күнге созылды деп жазды Ерлан Қарин өзінің Telegram арнасында. Бұл - Қазақстанның саяси тарихындағы ең ұзақ науқан. Себебі Мемлекет басшысы референдум өткізу туралы идеясын былтыр халыққа арнаған жолдауында айтты. Дәл сол күні референдумға қатысты ауқымды жұмыс басталды. Мемлекеттік кеңесші осы уақыт ішінде әр аймақта қоғамдық тыңдау ұйымдастырылғанын және ақпарат кеңістігінде сарапшылар мен қоғам белсенділері жан-жақты пікір алмасқанын атап өтті.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
-Жалпы осы науқан байсалды түрде, өзара түсіністік жағдайында өтті. «AMANAT» партиясының бастамасымен 6 саяси партия және 20-дан астам қоғамдық бірлестік Атом электр станциясын салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб құрды. Штаб мүшелері барлық өңірдің тұрғындарымен кездесу өткізді, оған энергетика саласының жетекші сарапшылары мен мамандары қатысты.