Хабар телеарнасы

Референдумға 1 күн қалды

6 қазан күні тұрғылықты мекенжайда тіркелмеген қазақстандықтар да референдум учаскесіне уақытша тіркеліп, дауыс бере алады. Орталық референдум комиссиясы 200-ге жуық учаскеде осындай мүмкіндік жасап отыр. Жалпы, ел бойынша ертең - тыныштық күні. Атом электр станциясы туралы қандай да бір насихат материалдарына тыйым салынған. Жексенбіде 10 мыңнан астам референдум учаскесі жұмыс істейді. Ал олардың дайындығы қалай?

Орталық референдум комиссиясы маңызды күннің алдындағы соңғы отырысын өткізді. Жиында алдымен аймақтардың дайындығы баяндалды. «Жалпы еліміздің барлық өңірінде бас-аяғы 10 249 учаске жұмыс істейді. Олардың әзірлігін Орталық референдум комиссиясы төрағасының өзі көзбен көріп қайттым»,– дейді.

Нұрлан Әбдіров, Орталық референдум комиссиясының төрағасы:
-Мен әріптестеріммен бірге еліміздің барлық 20 өңірінде болдым. Осылайша, инспекциялық сапарларымыз аяқталды. Мүгедектігі бар адамдар үшін жағдайлар жасау, азаматтар тізімдерін нақтылау, азаматтарды ақпараттандыру, жергілікті деңгейде оқыту жөніндегі жұмыстардың ұйымдастырылуын бақыладық.

«Сонымен еліміздегі учаскелердің барлығы референдумға сақадай сай»,– дейді, жауаптылар. Ал шет елдердегі учаскелердің дайындығын Сыртқы істер министрлігінің өкілі Алуа Нәдірқұлова баяндады. Соңғы дерек бойынша сыртта жүрген 12,5 мыңнан астам отандасымыз референдумда дауыс береді деп күтілуде. Тек 228 азамат Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты саяси науқанға қатыса алмайды.

Алуа Нәдірқұлова, ҚР СІМ ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі:
-Израиль, Иран және Ливандағы референдум учаскелерінің қызметін уақытша тоқтату туралы шешім қабылданды. Егер статистикаға жүгінсек, Израильде дауыс беру құқығы бар азаматтардың жалпы саны 53, Иранда 132 азамат, Ливанда 43 азамат.

«Бүгін – үгіт-насихат жұмыстарының соңғы күні. Түнгі сағат 12-ден кейінгі референдум туралы айтылған барлық ақпараттар заңсыз деп есептеледі. Тіпті азаматтардың әлеуметтік желілердегі жеке парақшасы да бақыланады»,– дейді құзырлы орган өкілдері. Яғни, ертең - тыныштық күні. 6 қазан күні де алдын ала болжам айтуға, жұртшылықтың пікірін білуге тыйым салынады. Бас прокурордың орынбасары комиссия мүшелеріне де ескерту жасады.

Жандос Өмірәлиев, ҚР Бас прокурорының орынбасары:
-Азаматтарға басқа адамдар үшін дауыс беруге мүмкіндік жасау мақсатында бюллетеньдерді беру, дауыстарды санау басталғаннан кейін оларға өзгерістер енгізу, референдумның қорытындылары мәліметтерді ұсынбау сияқты іс-әрекеттерге әкімшілік жауаптылығы көзделген. Сонымен қатар референдумға қатысу құқығын жүзеге асыруға немесе референдум комиссияларының жұмысына кедергі жасау, референдум құжаттарын бұрмалау немесе дауыстарды дұрыс есептемеу іс-әрекеттері қылмыстық жауаптылыққа әкеліп соғады.

Сонымен референдумға 1 күн қалды. Бірақ халық арасында әлі де өз учаскесін білмейтіндер көп. Ондай азаматтар egov электронды Үкімет порталы немесе Орталық сайлау комиссиясының сайтында ЖСН-ды енгізу арқылы дауыс беретін учаскесін оңай таба алады.

«Бұл ақпарат сондай-ақ, кейбір екінші деңгейлі банктердің қосымшаларында да көрсетілген. Одан бөлек жауаптылар, учаскені анықтауға арналған сілтемені тұрғындарға смс хабарлама арқылы да таратып жатырмыз»,– дейді.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Дархан Күнтуов