Хабар телеарнасы

Елімізде көлік-логистика саласы дамып келеді

2030 жылға дейін Транскаспий дәлізі бойынша жүк тасымалының көлемін 10 миллион тоннаға дейін ұлғайту жоспарлануда. Бүгін бұл туралы Қазақстан-Нидерланд іскерлік кеңесінде Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров айтты. Биыл Үкіметтен жаңа 136 жобаға 21,4 млрд доллар бөлінген. Жоба аясында теміржол, порттар мен авиацияны жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Енді бұл сала жандана түспек. Себебі Қазақстан мен Нидерланд арасында көлік, логистика, инновациялар және «жасыл» энергетика саласы бойынша ынтымақтастық орнады. Еске сала кетейік, былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 4,4 миллиард долларға жеткен. Ал Нидерландтың елімізге салған инвестиция көлемі 112 млрд доллар. 

Хенк Ниибор, ҚР Нидерландтағы құрметті консулы:

-Нидерландтан біз 7 компанияны алып келдік. Олар жаңа көлік бағыттарын, бизнесті және порт өнеркәсібі нарығын дамытуға мүдделі. Ынтымақтастық жемісті болады деп сенеміз. Голландиялық компаниялар үлкен жобаларды жүзеге асырып, халықаралық деңгейде басқа мемлекеттерге экономикалық әсері бар жұмыстарды асыруға ниетті.