Жетісу облысында күріш ору науқаны жүріп жатыр
Жетісу облысында күріш ору науқаны жүріп жатыр. Аймақ диқандары 1000 гектардан астам жерге себілген дақылдың басым бөлігін жинап, қамбаға тасып үлгерген. Ел ырыздығын арттырған дала еңбеккерлерінің көңілі тоқ болғанымен, оларды су тапшылығы және каналдардың тайыздануы алаңдатады.
Ермек Құрманбеков өндірістік кооператив жұмысшыларымен бірге 300 гектар жерге себілген күрішті жинап жатыр. Орташа түсім әр гектарынан 30 центнерден асады. Өнім көлемі былтырғыдан жақсы болғанымен, шаруаның жұмысына қиындық тудыратын мәселе де бар.
Ермек Құрманбеков, өндірістік кооператив басшысының орынбасары:
-Каналдардың тазаланбауы, су тапшылығы кезінде сезіледі де су дұрыс келмейді. Сброс дұрыс істемейді. Су мол кезде мәселе бар. Бірақ қатты сезілмейді.
Кезінде Қаратал ауданы бойынша 6 мың гектарға күріш себілетін. Ал қазір оның көлемі небәрі мың гектардан асады. Егіс алқабының кемуіне тіршілік нәрінің жетіспеушілігі мен каналдардың тазаланбауынан тайыздануы себеп болған. Шаруалардың көп жылдан бергі көкейкесті мәселесі биыл шешіле бастады.
Кенжеахмет Оразұлы, мердігер:
-Біздің алған көлеміміз 178,5 шақырым болатын. Қазір соның 70% астамын бітірдік. Енді біз техниканы көбейтіп, тағы бір екі техника қосып төрт техникамен қарашаның 25-30-ына дейін бітіруді үміттеніп отырмыз.
Аудандағы 22 мың гектар алқап екі канал арқылы суарылады. Оның ұзындығы екі мың шақырымға жуықтайды.
Ғалым Уәлиев, аудандық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы:
-Қазіргі таңда 300 шақырым тазаланып жатыр. Келесі жылға тағы өтінім беріп отырмыз. Екі жүз шақырымға. Енді қанағаттандырылса, келесі жылы тағы да тазаланады деп ойлаймыз.
«Келесі жылы да атыздардың табаны тереңдетіліп тазартылса, онда егістік алқаптың күре тамырына баланған каналдың 4-тен 1 бөлігі қалыпқа келер еді»,– дейді мамандар.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев