Хабар телеарнасы

Нидерландыдан әкелінген жолбарыстар Алматы облысына жерсіне бастады

Нидерландыдан әкелінген амур жолбарыстары Алматы облысының Балқаш ауданына жерсіне бастады. Қос жыртқыш қазір «Іле-Балқаш» табиғи резерватына орналастырылды. Жолбарыстар жаңа ортада өмір сүруге бейімделу үшін қазан айының орта шеніне дейін карантинде болады. Резерват аумағына олардың аулап жейтін қорегі ретінде тоғай бұғылары мен құлан, қабан сияқты жабайы аңдар жіберілді. Отандық ғалымдар олардан шөнжік алып, 2 жасқа дейін вольерде өсіруді, кейін жабайы табиғат аясына жіберіп, санын көбейтуді жоспарлап отыр. Аудан тұрғындары жолбарыстардың Қазақстан жеріне оралуын тарихи оқиғаға балап отыр.

Тынышбай Досымбеков, Алматы облысының құрметті азаматы:

-76 жылдан кейін жоғалып кеткен біздің даламыздың киесі қызыл жолбарысымыз қайтадан отанына келіп жатыр. Бұл өте қуанышты жағдай. Оның үстіне бұл үлкен тарихи оқиға. Б із осы келіп жатқан мына қызыл жолбарысымызды мәпелеп, бұрынғысынан да жақсы қылып өсіреміз. Келешекте оның тұқымын көбейтеміз. Сөйтіп жолбарысымызды, тұран жолбарысын қалпына келтіруге барлығымыз атсалысатын боламыз.