Хабар телеарнасы

Ақтөбе облысында сүт фермасы салынып жатыр

Ақтөбе облысы Мәртөк ауданында екі ірі шаруа қожалығы мал басын арттырып, өндіріс ауқымын ұлғайтпақшы. Ол үшін сүт-тауарлы фермасын салып жатыр. Өндіріс орны қашан пайдалануға беріледі? 

Қазір «Айс» шаруа қожалығының 1000 сауын сиыры бар. Мұнда жылына 12 664 тонна сүт өндіріледі. Өндіріс ауқымын арттыру үшін жаңадан сүт-тауарлы фермасын салып, сауын сиырлардың санын 800 басқа дейін арттыру жоспарланған. Облыс әкімі Асхат Шахаров ауданға арнайы барып, жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты.

Асхат Шахаров, облыс әкімі:

-Президенттің тапсырмасы бойынша солтүстік өңірлердегі тәжірибесін ала отырып, біз де атқарып келеміз. Соның ішінде ерекше атап өтетін осы Мәртөк ауданында екі үлкен шаруашылық, соның ішінде мына «Айсты» көрдік. Жалпы осы бағытта тағы да екі-үш жылда бірнеше жобаны іске асырсақ, толықтай өз нарығымызды жабатын боламыз.

«Айс» сүт фермасынның жанынан жаңа өндіріс орнын салуға 5,3 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржыға құрылыс жұмыстарынан бөлек, сауу қондырғысы мен ірі қара мал сатып алынады.

Бақытжан Ботбаев, «Айс» ЖШС сүт-тауарлы фермасының директоры:

-Ол бізге тағы да 10 мың тоннаға сүтті көбейтуге мүмкіндік береді. Жылына 23 мың тонна сүт береміз деген жоспар бар. «Айс» компаниясында екінші этап, кеңейту қарастырып отырмыз. Кеңейту жұмыстарын. Ол тағы да 800 басқа. Оған керек инвестициялар 4 млрд 600 млн теңге деп жоспарлап отырмыз.

Сүт фермасының құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Өндіріс орнының іске қосылуымен жаңа жұмыс орындары ашылады. Әрі отандық өнім үлесі артады. Ал өндіріс ауқымын ұлғайту жұмыстарының екінші кезеңі келесі жылы қолға алынбақ. «Айс» шаруа қожалығымен қатар «Рад-Агро» ЖШС де мал басын арттыруға ниетті. Бұл бастама өңір экономикасының өрісін кеңейтуге тың серпін бермек.

Авторлары: ГҚ, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов