Хабар телеарнасы

Саран қаласындағы 77 көпқабатты үйде жылу жоқ

Қарағанды облысы Саран қаласындағы 77 көпқабатты үйдің тұрғындары жылусыз отыр. Оған жаңа жылу орталығының сыр беруі себеп болған. Өңірде ауа райы күрт суып кетті. Әзірге баспаналар уақытша ескі қазандықтарға қосылып жатыр.

Қаладағы орталықтандырылған жаңа қазандық қысқа дайын болмай шықты. Шахардағы тұрғын үйлердің 80%-і осы қазандыққа қосылған. Жаңа қондырғы сыр берген соң, баспаналарды ескі жылу желісіне қосу жүргізіліп жатыр.

 Эльвира Глухих, Саран қаласының тұрғыны:

- Орталық қазандықты қашан қосатыны белгісіз. Олар келді де, мына желілік қазандықтан үйлерді ағытып тастады. Құбырларын, біз өзіміз сатып алған кейбір жабдықтарын түгел алып тастады. Осындай жағдай болып қалуы мүмкін екенін біле тұра жайбарақат жүргендеріне таңмын.

Қазір қаладағы 91 көпқабатты үй желілік қазандықтармен жылытылып тұр. Қалған 77 үй бүгін қосылады,- деді жергілікті билік өкілдері. Дегенмен кейбір аулаларда желілік қазандық та жоқ. Оларды иелері бұзып тастаған. Осындай жағдайға тап болған Жәкенов, Зимин, Чкалов және Жеңіс көшелеріндегі екіқабатты үйлерде тұратын 100-ден астам отбасы енді не істерін білмей дал. Қазір олар электр жылытқышын қосып отыр.

Людмила Костюк, Саран қаласының тұрғыны:

- Батареялар мұздай болып тұр. Үйдің іші қатты суып кетті. Міне, терезенің өзі буланып жатыр. Балам суық тиіп, ауырып қалды. Жылу маусымына ертерек қамданғанда мұндай жағдай болмас еді.

Жаңа жылу орталығы қаладағы 168 көпқабатты үй мен әлеуметтік нысандарды жылытуы тиіс. Мұндағы қазандықтар қажетті температураға дейін қыздырылған соң, барлық үйге жылу беріледі.

Еркін Баулықов, Саран қаласының әкімі:

- Орталық қазандық жұмыс істеп жатыр. Режимдік жұмысына шығайын деп жатыр. Критичный жағдай емес. Бұл жаңадан салынған котельный, жаңа қондырғылар, бүкіл мамандар бар. Пусконаладчиктер де бар. Бізге көмектесіп жатыр. Қалай жұмыс істеу керектігін үйретіп жатыр.

Саран қаласындағы жаңа жылу орталығының құрылысы 13 жылға созылған. Нысан биыл пайдалануға берілгенде тұрғындар қатты қуанған еді. Алайда соңғы жағдайдан соң, қуанышымыз су сепкендей басылды, - дейді қала халқы.

Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар