Жылыту маусымына дайындық барысы туралы жалған есеп бергендер жазаланады
Қарағанды облысы Саран қаласындағы 77 көпқабатты үй тұрғындарының жылусыз отыр. Жылыту маусымы басталмай жатып, жылу орталығы сыр берген. Бүгін бұл мәселе Үкіметте күн тәртібінен тыс қаралып, тексеріс басталды. Премьер-министр Олжас Бектенов Саран қаласындағы жылыту маусымына дайындық барысы туралы жалған ақпарат бергендер жауапқа тартылатынын мәлімдеді. Ал энергетика министрі жағдайды өзі барып, тексеретінін айтты.
Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:
-Саран жаңа орталық қазандығында 4 қазандық орнатылды. 13 қазанда №1 қазандық іске қосылды. Қазандық төмен қайнаған қабатпен насос жабдығының автоматикасы дұрыс жұмыс істемеуіне байланысты мәжбүрлі түрде тоқтатылды. Режимдік баптау бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Ақаулардың шығуына байланысты жылумен жабдықтауда резервті схемаға көшу бойынша шешім қабылданды. 124 үйді резервті жылытуға қайта қосылып, жылу қайта беріліп жатыр.