Хабар телеарнасы

Талдықорған маңындағы обалардан тарихи жәдігерлер табылды

Талдықорған маңындағы сақ дәуіріне тиесілі обалардан алтын сырға мен әшекей бұйымдар табылды. Бұл аймақты зерттеуді былтыр бастаған ғалымдар 11 обаның біреуін қазып, оның тоналғанын анықтаған. Соған қарамастан, алтын жалатылған асатаяқты тапқан. Ал биыл №5 обадан көне жәдігерлер алынды. «Анасы мен баласы жерленген бейіттің құрылымы ерекше»,– дейді тарихшылар. Олар 3,5 метр тереңдікке көміліп, үстіне тас қаланып, қарағаймен көмкеріліп, топырақ төгілген. Сондықтан күрделі конструкция тоналмапты. Ғалымдар тарихи жәдігерлерді зерттеуге жіберген. 

Хамит Айтқұл, археологиялық экспедиция жетекшісі:

-Шыққан дүниелер өте құнды. Оның ішінде сырғалар алтын, қоңыраушалар сопақша келген және шашқа қадайтын қола түйрегіші бар. Сонымен қатар бірнеше моншақтары бар. Біз енді алдын ала болжам бойынша б.з.д 4-5 ғасырлар дем межелеп отырмыз. Оның анық уақытын зерттеу жұмыстары көрсетеді.