Хабар телеарнасы

Жер қойнауын пайдалану енді тек ашық аукцион арқылы жүргізілуі мүмкін

Қазақстанда жер қойнауын пайдалану енді тек ашық аукцион арқылы жүргізілуі мүмкін. Бүгін Мәжілісте «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекске енгізілетін түзетулер таныстырылды. Заң жобасын әзірлеушілердің бірі - депутат Константин Авершиннің сөзінше, аталған құжат жер қойнауын пайдалануда ашық әрі бәсекелі орта қалыптастыру мақсатында әзірленген. Сәйкесінше, жабық кабинеттерде қабылданатын астыртын шешімдер тыйылып, жер қойнауын пайдалану бойынша Бірыңғай портал іске қосылады. Алайда осы деректер базасындағы мәліметке жер қойнауын пайдалану жөніндегі Ұлттық компания иелік етеді. Бірақ оның заңдық мәртебесі акционерлік қоғам болғандықтан, депутаттар ондағы ақпарат қолды бола ма деп қорқады.

Бақтықожа Ізмұхамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Мына қарап отырған нәрсеге үзілді-кесілді қарсымын. Тікесін айтайын. Мен недропользованиені 20 жыл басқарған адаммын. Бұл мәселенің бәрін бір кісідей білемін. Мына мемлекеттік интересті акционерлік ұйымға беру деген мүлдем қате. Әрине ол комитет министрліктің қарамағында. Ол өзінің бастығынан асып, ешқайда шыға алмайды.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Бұл жұмыс тобы әлі басталған жоқ, жұмысы жасалған жоқ. Жұмысқа енді алып жатырмыз. Жұмыс тобын сіз де барсыз, мен де бармын. Бұл мәселені біз микроскоппен қараймыз.