Хабар телеарнасы

Жамбыл облысында қызылшадан рекордтық өнім жиналды

Тәтті түбірді Тараздағы қант зауыты келесі жылдан қабылдай бастайды. Кәсіпорын бұған дейін тек қант құрағын өңдеп келген. Биыл өңірде қызылша еккен диқандар рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. 11 мың гектардан 640 мың тонна өнім жиналды. Сондықтан мұндай көлемді Меркідегі зауыт өңдеп үлгере алмай жатыр. Қазір қант зауыты алдындағы кептеліс 3 шақырымға жеткен. Кәсіпорын 1,5 айда 171 мың тонна тәтті түбір қабылдады. Жауаптылар күн күрт суытса, қалған қызылшаны Қырғызстанға жібермек. Салаға жауапты мамандар келесі жылы мұндай қателікті қайталамау үшін Тараз қант зауытымен келісім жасасқан. 

Әбдірасыл Желеубаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

-Оны толықтай модернизациялау керек. Қант құрағынан қант қызылшасына модернизациялау үшін бір жылдай уақыт кетеді. Қазір қант зауытының басшылығы жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп, жылдың соңына қарай модернизациялауға кіріседі.