Такси қызметіне жаңа талап қойылуы мүмкін
Қазақстанда «Яндекс», InDriver, «Максим», Aparu, Tapi Taxi сияқты агрегаторларға жаңа талап қойылуы мүмкін. Мәжілістің жалпы отырысында Көлік министрі Марат Қарабаев бірінші оқылымда жаңа заң жобасын таныстырды. Оған сәйкес енді такси қызметін жүзеге асыратын операторлар өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше болуға міндеттеледі. «Егер бұл талапты орындамаса, қызмет ету құқығынан айырылады»,– дейді министр. Оның сөзінше, бұл бастама қазақстандық жүргізушілердің құқықтарын қорғау үшін қажет. Алайда жеке меншік көлігімен такси қызметін атқаратын қарапайым адамдарға өзін-өзі басқару ұйымына мүшелік ету міндетті талап болмайды. «Тек ерікті түрде ұсынылады»,–дейді министр.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Жеке такси болып жүрген кісілер бұл заңмен қамтылмаған. Қазіргі заңмен өзін-өзі реттеуге облысаралық, халықаралық қатынастар кіреді және ресми такси операторлары кіреді. Ол ресми такси операторлары 2883 компания және ол жақта 10 мың көлік тіркелген.