Хабар телеарнасы

«Медеу» мұз айдынында алып Мемлекеттік ту көкке көтерілді

Республика күніне орай Алматыдағы «Медеу» мұз айдынында тұғырының биіктігі 40 метр, ені мен ұзындығы 7-де 14 метр болатын алып Мемлекеттік ту көкке көтерілді. Салтанатты шараға шаһар тұрғындары, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының өкілдері мен қала әкімі қатысты.

Алматыда Ұлттық мерекені атап өту қалыптасқан дәстүр бойынша Мемлекеттік туды көтерумен басталды. Еліміздің мақтанышы, Алматының төлқұжаты Медеу шатқалында тұғының биіктігі 40 метр, ені мен ұзындығы 7-де 14 метр болатын көк байрағымыз желбіреді. Қала тұрғындары мен қонақтарының рухын көтерген мемлекеттік нышан ең биік тұғырға орнатылып, қаланың төбесінен асқақтап тұр.

Айдар Есенбеков, Алматы қ. қоғамдық даму басқармасының басшысы:

-Қаламызда өзі екі тутұғыр бар. Бірі Трамплиннің маңында орналасқан тутұғыр. Екіншісі осы жерде. 2022 жылдан бастап біз бұл мерекеге үлкен мән беріп, Ұлттық мереке деңгейіне шығырып отырмыз. Соның аясында Алматы қаласында көптеген мерекелік шаралар өтіп жатыр.

Тәуелсіздік тарихында Алматының орны ерекше. Себебі 1990 жылдың 25 қазанында Егемендік туралы Декларация дәл осы қалада қабылданып, Тәуелсіздіктің қазығы қағылды. Сондықтан да «Алматы – Тәуелсіздік бесігі» аталып кетті.

Бекнұр Кисиков, қоғамдық кеңестің мүшесі:

-Егемендік алғаннан бастап Республика құрғаннан бастап бізге осы тарихты қатты зерттеп, оны жастар білуі керек. Бізге Егемендік қарапайым аспаннан түскен жоқ, ол үшін біз қанша әрекет жасадық, қанша қақтығыс жасадық, жастар оны 15 ғасырдан келе жатқан тарихты зерттеп, білуі керек. Сондықтан Республика күні бізге өте маңызды.

Республика күні Алматыда ауқымды түрде атап өтілді. Ұлттық мереке бүгін кешке Абай және Астана алаңдарында дрондар шеруімен қорытындыланады. Қала тұрғындары мен қонақтары түнгі аспаннан ұлттық мәдениет пен ел тарихындағы маңызды сәттерді бейнелейтін 3D бейнелерді көре алады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон