Хабар телеарнасы

Қарағандыда ел дамуына үлес қосқан үздіктер марапатталды

Республика күніне орай 44 қарағандылыққа мемлекеттік награда табысталды. Олардың қатарында металлургтер, шахтерлар, педагогтар мен дәрігерлер, мәдениет саласының майталмандары, спортшылар, полиция қызметкерлері және құтқарушылар бар. Салтанатты шарада екі танымал тұлғаға «Қарағанды облысының құрметті азаматы» атағы берілді. 

Салтанатты шарада марапатталғандардың бірі – Диқанбай Биткөзов. Ол Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы. 70-жылдары Жаңаарқа ауданының алақандай ауылында агрогном бола жүріп, жаттығу залын ашқан. Сөйтіп ауыл балаларын самбо және қазақ күресіне баулыды. Оның 150 шәкірті спорт шебері атанған. 50 жылдан астам ғұмырын спорт саласына арнаған ардагерге «Қарағанды облысының құрметті азаматы» атағы берілді.

Диқанбай Биткөзов, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

-Жарты ғасырдан артық өмірімнің, спортқа сіңірген еңбегімнің бір белесі. Осы Қарағанды облысында екі әлем чемпионы, 10 Азия чемпионын, екі әлем кубогының чемпионын тәрбиелеп, облыста екі Азия чемпионатын, бір әлем кубогын өткіздім.

Еліміздің дамуына үлес қосқан 44 азамат мемлекеттік наградамен марапатталды. Оларға «Парасат» , Екінші дәрежелі «Достық», «Құрмет», үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендері, «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдары табысталды. Сондай-ақ мәдениет саласының майталмандарына «Қазақстанның халық әртісі» және «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді.

Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:

-Баршаңызды аса маңызды ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтаймын! Бұл – тәуелсіз ел болуға батыл қадам жасалған тарихи күн. Оның маңызын Мемлекет басшысы «елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы» деп атап көрсетті. Бұл – егемен ел болғанымызға шүкір етіп, тәуелсіздігіміздің қадірін түйсінетін күн.

Қарағанды облысында 1 мыңнан астам ірі өнеркәсіп бар. Олардың басым бөлігі жоғарғы экономикалық өсімге қол жеткізген. Бүгінгі марапат индустриялды өңірдің дамуына үлес қосып жүрген барлық сала өкілдеріне көрсетілген құрмет саналады. Салтанатты іс-шара танымал театр әртістерінің, эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концертке ұласты.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар