Хабар телеарнасы

Қарағанды облысында қой жүні кәдеге жарамай жатыр

Қарағанды облысында биыл да 1 миллион тоннадан астам қой жүні ысырап болғалы тұр. Әзірге табиғи шикізат қоймаларда сақтаулы. Ал ескісін шаруалар амалсыз өртеп жіберуге мәжбүр. Өйтпесе далада шашылып, кейін мал ауруын туғызуы мүмкін. Қой жүнін қалай кәдеге жаратамыз? Шаруаларды мазалаған мәселе қашан шешіледі?

Қазір қой шаруашылығында кенже қалып жатқан бір мәселе жүн өткізу. Жылда шаруашылық ауылға келген делдалдарға жүн өткізетін. Ал биыл ол да жоқ. Мына қоймада қазір 15 тонна жүн сақтаулы тұр.
Қанат Отарбаев 1999 жылдан бері асылтұқымды қой шаруашылығымен айналысады. Қазір оның отарында 10 мыңға жуық биязы жүнді қой бар. Жартылай қылшықты қой жүні кілем, тоқыма өнеркәсібіне таптырмас шикізат. Дегенмен соңғы жылдары мүлде сұраныс жоқ. Ауылға келетін алып-сатарлар да биыл төбе көрсетпеген.

Қанат Отарбаев, шаруа қожалығының басшысы:

-Қойдың енді негізгі өнімдерінің бірі жүн ғой. Сол жүнге қазір сұраныс жоқ. Мына артымызда тұрған жабағы жүн, көктемгі қырқымдыкі. Осы күнге дейін сұраушысы жоқ, алушысы жоқ. Іздеп те жатырмыз. Бұл өте сапалы жүн. Бұрын кілем, костюм-шалбар, тоқыма өнімдерін тоқитын.

Жүнді құрғақ қоймада сақтамаса ылғал тартып, кейін сапасын жоғалта бастайды. Сұраныс болмаған соң, оны сақтаудың да қажеті жоқ. Ал далаға шашып тастаса түрлі мал ауруы таралуы мүмкін. Амалы қалмаған шаруалар тонналаған шикізатты жағып жібереді.

Қанат Отарбаев, шаруа қожалығының басшысы:

-Жүннің енді пайдаланатын жері тоқыма өнеркәсібі ғой. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту керек. Әлгі құрылысқа жылыту панельдері соған пайдаланады деп кейіннен естіп қалып жатырмын. Пенопласттан жасап жатыр. Осы жүнді қолға алып пайдаланса таптырмайтын материал.

Жергілікті билік өңірде жүнді өңдеу ісін дамыту үшін инвесторларды іздестіріп жатыр. Әзірге нәтиже жоқ.

Бауыржан Асанов, облыс әкімінің орынбасары:

-Ол мәселе бар біз қазіргі таңда жүн өңдеуді қолға алу үшін жан-жақты инвесторлармен қолға алып отырмыз. Мүмкін арзандатылған несие берерміз, мынау біздің әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы немесе басқа да қажеттілік, инженерлік-инфрақұрылым қажет болатын болса, оның барлығына біз көмектесуге дайынбыз.

Былтыр облыста 1 миллион тоннадан астам жүн кәдеге аспай, рәсуа болды. Бұл жылдағыдан 2% жоғары. «Адал өнімінің осылай ысырап болуы жанға батады»,– дейді шаруалар.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар