Хабар телеарнасы

Атырауда жол жөндеу жұмыстары тоқтап тұр

Атырауда ауа райының қолайсыздығына байланысты жол жөндеу жұмыстары кідіретін түрі бар. 3-4 күн бойы жауған жаңбыр салдарынан асфальт төсеу жұмыстары аяқсыз қалды. Жоспарды уақытылы орындауға тырысқан мердігер мекемелер шалшық судың үстіне ыстық асфальт жайып жатқаны әлеуметтік желіде жария болған еді. Бүгінде жалпы қаладағы жол құрылысы қатаң бақылауға алынды.

Шылқыған судың бетіне ыстық асфальт төсеп жатқандарды алдымен байқап дабыл қаққан облыстық мәслихат депутаты Айбар Ерекешов еді. Ол әлеуметтік парақшасында өзі куә болған келеңсіздікті баяндай келе, жауапты мекемелердің назар аударуын сұраған. 

Айбар Ерекешов, облыстық мәслихат депутаты:

- Жауынды күні төсеп жатқанда обьектінің басында технадзор болған жоқ. Обьектінің басшысы да жоқ. Сол себепті біздер ескерту ретінде айттық. Бірақ жұмысты тоқтату біздің құзырымыда жоқ. Бірақ енді заңдылығын сақтауды талап еттік.

Даудың басы осы Сырым Датов көшесіндегі жолдың құрылысы болатын. Ұзындығы 4,7 шақырым жол қайта жаңғыртудан өткізіліп жатыр. Құрылысқа 5 млрд теңге бөлінген. 2 жылдық жоба бойынша 4 жолақты жол, суағарлар салынып, көше шамдары толық ауыстырылуы тиіс. Бүгін нысан басында барлық мекеменің өкілдері жиналды.

Қуанышбек Қабдығалиев, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

- Кешегі әлеуметтік желіге шыққан видеороликке байланысты. Неге Сырым Датовтағы технология сақталмай жатыр деген. Бұл көше әлі тапсырылған жоқ. Бұл көшені 800 метр жолын салып қойды. Қазір енді жол активтер сапасымен бірлесіп, әр учаскеден аламыз. Сосын асфальттың суға қанығуын, тығыздығын, барлығын тексереміз.

Әсет Сембаев, мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясының бөлім басшысы:

- Мердігер мекеме уақытылы жойып, шара алынбаса, тексеріс ашылып, аталған құқықбұзушылықтар орын алған жағдайда мердігер мекеме ӘҚК-тің 312-ші бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады. 1 жылдың ішінде қайталанған жағдайда мердігер мекеме өзінің лицензиясынан айырылады.

Толассыз жауған жаңбырдың салдарынан барлық жол учаскелерінде асфальт төсеу тоқтатылды. Биыл қала бойынша 12 көшеде 9,4 шақырым жол жөнделуі тиіс болатын. Жолшылар оның тек 5 шақырымын тапсырып үлгеріпті.

Ермек Хамидуллин, жоба жетекшісі: 

- Жоспар бойынша биыл бітіруіміз керек болатын. Енді жаңбырға байланысты тұрмыз. Жаңбырдың суын тазалап, жолды кептіріп, сосын ауа райы қолайлы болса, үстіңгі қабатын, асфальтты сала береміз.

Жалпы биылғы тасқынға байланысты Атырауда жол жөндеу жұмыстары жылдағыдан 2 айға кеш басталды. Салдарынан көптеген учаскелерде жұмыс кестеден кешігіп,  жаңбырға ұрынып отыр.

Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин