Қаржы министрлігі: Декларация тапсырмағандардың есепшоттары бұғатталады
Декларация тапсырмағандардың есепшоттары бұғатталады. Қаржы министрлігі қазақстандықтарға осындай ескерту жасады. Хабарламада бұл кімдерге қатысты екендігінде нақтыланған. Биыл салық есептілігін заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары, дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайы ұсынуы тиіс. Осы міндетті 2 млн-нан астам тұлға орындапты. 281 мың адам әлі тапсырмаған. Ал тиісті мерзім 16 қыркүйекте аяқталды. Оларға декларацияны ұсынбағандығы жөнінде хабарлама жіберіліп 30 күн қосымша уақыт берілген. Десе де кері байланыс болмаған. Сондықтан енді ол кәсіпкерлердің банктік шоттарын бұғаттау түрінде шара қолданылады.
Ерсайын Көптілеуұлы, Мемлекеттік кірістер комитетінің бас сарапшысы:
- Хабарлама біткеннен кейін де ол кісілер салықтық есептілік тапсыра алады. Кеш тапсырса да ең бастысы тапсыруы қажет. Уақтылы тапсырмағаны үшін әкімшілік шара көзделеді. Ол ескерту түрінде болады. Бұл дара кәсіпкер болып тіркелген, салық агенті болып табылатын жеке тұлғаға қатысты.
250-ші нысандағы декларацияны тапсырудың бірнеше тәсілі бар. Ол негізінен электронды түрде жүзеге асырылады. Нақтырақ айтсақ электрондық үкімет порталы яғни egov.kz пен «eGov mobile» және «E-Salyq Azamat» арқылы. Сондай-ақ екінші деңгейлі Қазақстандық банктік қосымшаларында да бұл қызмет қолжетімді.