Алматыдағы жер сілкінісінен зардап шеккендер жоқ
Алматы қаласында күші 3 балдық жер сілкінісі болды. Дүмпудің ошағы қаладан шығыс бағытта 33 шақырым жерде орналасты. Эпицентрге жақын жатқан Есік және Талғар қаласында жер сілкінісінің күші 4 баллға жетті. Сол себепті бүгін талғарлық оқушылар қашықтан оқуға ауыстырылды. Балабақша меңгерушілерінің айтуынша, ата-аналардың көбі балаларын алып кеткен. Сондай-ақ Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері неліктен дабыл жүйесінің іске қосылмағанын түсіндірді.
Жер тура сағат 10-да сілкінді. Алматыда магнитудасы 3 балл болса, мегаполис маңындағы Талғар мен Есік қалаларында 4 баллға жетті. Екеуі де Алматы облысына қарайды. Талғардың өзінде 65 мыңнан астам халық тұрады. Шаһар тау етегінде орналасқан. Екі баллға дейінгі жер сілкіністері болып тұрады. «Бірақ оны ешкім байқай бермейді»,– дейді мамандар. Бұл жолы жер тербелісі анық сезілген.
Жер сілікінісінен кейін Талғардағы барлық білім мекемелері бірден сақтық шараларына көшкен. Оқушылардың барлығы қауіпсіз жерге шығарылды. Қалада барлығы 10 мектеп бар. Онда 12 мың 500-ден астам бала оқиды.
Марал Туысқанова, Талғар аудандық білім бөлімінің бас маманы:
-Ата-аналарда алаңдаушылық туғызды бұл жағдай. Сол себепті ата-аналардың өтінішімен біз түстен кейінгі сабақтарды онлайн форматта ұйымдастырып, оқушыларды үйлеріне қайтардық. Бұл тек бүгінге ғана.
«Қазселденқорғау» мекемесі таудағы сел қаупі жүруі мүмкін жерлерге мониторинг жүргізген. Ондағы гидротехникалық нысандар қалыпты деп баға беріп отыр. Алматылық төтенше жағдайлар департаменті де алаңдауға негіз жоқ екенін хабарлады. Мамандар жұртшылыққа бүгін дабыл жүйесінің не себепті іске қосылмағанын түсіндірді.
Алмас Құрманов, Алматы қаласы ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының басшысы:
-Mass Alert деген жүйе биыл ғана енгізілді. Ол жүйе Алматы қаласы әкімдігімен енгізілген болатын, қаламызда Mass Alert дейді. Силл бродкаст технологиясы арқылы жедел халыққа телефонның өзіне хабар жібере алатын жүйе. Егер магнитудасы 5,5 жер сілкінісі бола қалған жағдайда біздің жүйеміз Mass Alert-ке автоматты түрде сигнал жіберіп халыққа тез арада жаңағы ақпарат жететін болады.
Алматы мен Алматы облысындағы ғимараттарға тексеру жүргізген мамандар ешқандай нысанның бүлінбегенін айтты. Зардап шеккен адамдар жоқ. Бүгін 112 желісіне жарты сағаттың ішінде 100-ден астам алматылықтан ақпараттық сипаттағы қоңырау түскен.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев