Хабар телеарнасы

Астанада «Атамекен» ҰКП-ның XII съезі өтті

Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген кәсіпкерлер Астанада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының кезекті XII съезіне жиналды. 360-тан астам делегат пен 180-дей бизнес-қауымдастық өкілдері бұл кездесуді асыға күтті. Себебі былтырғы съезде қарастырылған мәселелер Үкімет қарауына жіберіліп, оң шешімін тапқан еді. Биыл да бизнесмендер көкейінде жүрген сұрақтарды қойды.

Палата төрағасы Райымбек Баталовтың айтуынша, әсіресе жаңа Салық кодексінің жобасындағы нормаларға қатысты сауал көп. Сондықтан билік пен бизнес өкілдерін бетпе-бет кездестіріп, сұрақтарына тікелей жауап алуға мүмкіндік жасалды.

Дәурен Сатқанов, кәсіпкер, БҚО:

- Біздер де осы БҚО арнайы келіп, бірнеше сұрақтарды жоғары деңгейде айтқымыз келіп отыр. Енді біреуін айта кететін болсам, бүгінгі таңдағы даму қорының мысалға кәсіпкерлерге бөлініп отырған арнайы субсидиясының жетіспеушілігі. Арнайы бөлінбегендіктен, кәсіпкерлердің күнделікті өздерінің шығындарын өтеу мәселесі бойынша субсидия бөлінбей отыр.