Хабар телеарнасы

Сенаторлар Курчатовқа «ғылым қалашығы» мәртебесін беруді ұсынды

Ол – қазірдің өзінде ғылыми ұйымдар шоғырланған республикадағы жалғыз моноқала. Ал қаланың бүгінгі кейпі көңіл көншітпейді. Инженерлік инфрақұрылым тозған. Мәдениет пен денсаулық сақтау саласы да ақсап тұр. Негізі осыдан жарты ғасыр бұрын қаланған қалада қазір еліміздің ұлттық ядролық орталығы, ядролық технологиялар паркі жұмыс істеп тұр. Ірі салық төлеуші мекеме де солар. Онда бүгінде 1750 қызметкер жұмыс істейді.

Ғалымдар атомды бейбіт мақсатта қолдануға байланысты түрлі жобаны қолға алған. Олардың кейбірінің әлемде баламасы жоқ. Міне, осындай қаланың өз мәртебесі болуы тиіс,- дейді депутаттар.

Андрей Лукин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Қазір сол қалада, сол ұйымдарды қажетті кадрлармен қамтамасыз ете алатын орта және жоғары оқу орындары жоқ. Заманауи спорт, сауықтыру және демалыс орталықтары жеткіліксіз. Осы мәселелерге байланысты тұрғындардың басқа жаққа көшуі жиілеген. Егер Курчатовқа ғылым қалашығы мәртебесі берілсе, оның одан әрі дамуына, ғылымның дамуына үлкен сеп болар еді. Мұндай ұсыныс бұған дейін де айтылған. Бірақ ескерусіз қалған.