Хабар телеарнасы

Үкімет басшысы шағын және орта бизнес форумына қатысты

Бизнесмендер бас қосты. Кездесуге Үкімет басшысы қатысты. 450-ден аса шағын және орта бизнес өкілі жиналған форумда саланы дамытуға қатысты идеялар айтылды. Қазіргі саясат алдымен отандық өндірушілерді қолдауға бағдарланған. Мемлекеттік сатып алуда әуелі отандық тауар өндірушілерге ден қойылып, тауар тізімі 4 жарым мыңға дейін кеңейді. Ірі компаниялар отандық өндірушілермен 470 млрд теңгенің келісімін жасады. Бұл - былтырғы жылдан 14 есе көп. Ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлерге биыл егістік жұмыстарына несие субсидиясы 2 жарым есе өсті. Цифрландыру, әкімшілендіруді жеңілдету және экспортқа бағдарланған өнім өндіруге пәрмен беріледі.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

- Мемлекет басшысы бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту бойынша біздің алдымызға бірнеше нақты міндет қойды. Сондықтан отандық кәсіпкерлермен сенімді және өзара тиімді серіктестік орнату Үкімет үшін сөзсіз басымдық болып табылады. Біз еліміздегі инвестициялық және бизнес ахуалды жақсарту, әкімшілік кедергілерді азайту және отандық бизнес жобаларды қолдау бойынша жұмыстарды өздеріңізбен бірге әрі қарай жалғастыратын боламыз.