Хабар телеарнасы

Астанадағы 500-ден астам жекеменшік балабақшаның 485-і айыппұл арқалады

Астанадағы 500-ден астам жекеменшік балабақшаның 485-і айыппұл арқалады. Әкімшілік жауапкершіліктің ең төмені 230 айлық есептік көрсеткіш. Ал бұл – 800 мың теңгеден асады. «Жекеменшік білім беру мекемелерінің республикалық қауымдастығының өкілдері мұны негізсіз жаза және бизнеске өте ауыр соғады»,– деп құзырлы органдардан айыппұл көлемін азайтуды сұрап отыр. Одан қалды тексерулер көп екенін айтады. Жылына бір емес, бірнеше рет комиссия келеді екен. «Бұлай жалғаса берсе, жекеменшік балабақшалар мен мектептер жабылып тынады»,– дейді қауымдастық мүшелері. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан көмек сұрай келген кәсіпкерлер, бизнестегі өзге де өзекті мәселелерді ортаға салды.

Оксана Ушкевич, жекеменшік білім беру ұйымдарының республикалық қауымдастығы төрағасының орынбасары:

-Аталған айыппұлдар шеті сынық ыдыс пен ауладағы асфальттың жарықтары үшін де салынып жатыр. Құзырлы органдар тым болмағанда алдымен ескерту беруі керек қой. Ғимаратта термометр жоқ болса, оған да 849 мың теңге айыппұл салады. Бір аптаның ішінде үлгерсек, жартысын төлейміз. Бірақ оның өзі ауыр. Дәл осылай қадағалаушы мемлекеттік мекемелер бірінен соң бірі келіп, айыппұл салып кетеді.

Жарас Сұлтанбек, ҚР ҰЭМ кәсіпкерліктi дамыту саясаты департаментінің басқарма басшысы:

-Біріншіден, Қазақстанда қазір бизнесті тексеру 2 есе азайды. Оны біз нық сеніммен айта аламыз. Екіншіден, жоспарлы тексерістер ел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қалып отыр. Ал жоспардан тыс тексеріс кемшіліктің бар-жоғы дәлелденген соң барып жасалады. Сондықтан оны негізсіз айтуға болмайды.