Хабар телеарнасы

«Эко қаһарманы-2024» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Қарағандыда «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Эко қаһарманы-2024» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Додаға қаладағы 33 мектептің оқушылары қатысқан. Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның басты мақсаты - балалар мен жасөспірімдерді қоқысты сұрыптауға үйрету әрі экомәдениетке баулу.

Байқау «Макулатураны жинаңыз-ағашты сақтаңыз!» және «Пластикті қайта өңдеу – планетаға ауа қажет!» деген екі аталым бойынша өтті. Оған қаладағы 33 мектептің оқушылары қатысты. №45 гимназияның командасы үздік деп танылды. 356 адамнан тұратын бұл құрама 1 тонна 600 келі макулатура, 65 келі пластик жинаған. Оған оқушылардың ата-аналары да атсалысқан.

Вероника Фатхутдинова, №45 гимназияның 3-сынып оқушысы:

-Анам жұмысындағы қажет емес қағаздарды жинап әкелді. Өзім де біраз газет, журналдарды, ескі кітаптарды, дәптерлерді жинадым. Барлығы 170 келі макулатура тапсырдым.

Байқау қорытындысы бойынша «Экомотивация», «Экоамбассадор», «Командалық рух» және «Жас экологтар» аталымдары бойынша жеңімпаздар марапатталды. Экоакцияда белсенділік танытқан №36 мектептің командасы да «Пластикті қайта өңдеу – планетаға ауа қажет!» аталымы бойынша үздіктер қатарынан көрінді.

Мақпал Бәкенова, №36 мектептің биология пәні мұғалімі:

-«Тазалық табалдырықтан басталады» дейді ғой. Әр адамның міндеті деп ойлаймын. Оқушыларға да біз әрқашан сынып сағаттарында осы «Таза Қазақстан», таза қала, таза мектеп туралы көп айтамыз. Атсалысамыз осынадй шараларға, қолдаймыз.

Оқушылар барлығы 3,5 тонна макулатура мен 500 келіден астам пластик бөтелке жинаған. Қалдықтар қайта өңдеуге жіберілді.

Асқар Хамитов, қоқыс өңдеу зауытының менеджері:

-Алдында тапсырған шикізаттан келешекте пластмас қақпақтар шығарамыз. Қалған макулатруа мен полиэтилен қалдықтар қайтадан өңдеуге жіберілді.

Мектеп кұрамалары экологиялық шара барысында атқарған жұмыстарымен әлеуметтік желіде бөлісті. Барлығы 500-ден астам жазба жарияланған. «Бұл адамдарды табиғатқа жауапкершілікпен қарауға шақыратын тиімді тәсіл»,– дейді ұйымдастырушылар. Үздік насихат жұмыстары да марапаттан тыс қалмады. Шара соңы концертке ұласты.

Авторлары: Руслан нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар